Бейбарыс Қаблан: Алдағы уақытта да Қазақстан туын желбіреткім келеді
АСТАНА. KAZINFORM - Kazinform тілшісі таэквондодан 21 жасқа дейінгілер арасында әлем чемпионы атанған Бейбарыс Қабланды әңгімеге тартқан еді.
- Бейбарыс, алтын жүлдең құтты болсын. Еліміздің атынан мұндай биіктен көрінген алғашқы спортшы атанғаныңды білеміз. Алған әсерің қандай?
- Әрбір дүбірлі дода алдында ерекше сезімде болатының белгілі. Жоғары табысқа қол созуды қалайсың. Сол мақсатта ұзақ уақыт бойы тер төгуге тура келеді. Қазір көңіл күйім өте керемет. Жоспарды орындай білдік. Тұңғыш әлем чемпионы болғаныма қуаныштымын.
- Әлем чемпионаты алдында дайындық барысы қалай өтті?
- Қашанда спортшы әрбір жарысқа тыңғылықты дайындық жүргізіледі. Бапкерлер біздің шеберлігімізді жетілдіруге көңіл бөлді. Физикалық дайындық барысын да назардан тыс қалдырған жоқ. Сондай-ақ бұған дейінгі қателіктерге қатысты жұмыс істей білдік. Нәтижесінде дүбірлі додаға жоғары дайындықпен келдік.
Әрбір жекпе-жекте сол үйренген әдіс-тәсілді өз деңгейінде орындауға мүмкіндік болғанына қуаныштымын. Қарсыластың осал тұсын тауып, ұпай қорын молайтуға қол жетті. Бұл төрешілер тарапынан оң бағаланды. Мен финалға дейін Үндістан, Түркия елінің спортшыларымен кездестім. Ал жартылай финалда Иран өкілі Ашрафи Амирмохаммадтан 2:1 есебімен басым түстім. Қарсыластарым осал болған жоқ. Бапкерлер ақыл-кеңесін айтты. Сол кеңестерін бұлжытпай орындауға тырыстым. Жеңіске деген жігерімнің арқасында барлығын тізе бүктірдім. Жанкүйер сенімін ақтағаныма қуаныштымын. Алдағы уақытта да Қазақстан туын желбіреткім келеді.

- Әлем біріншілігінде қай қарсыласың сен үшін қиын болды?
- Қарсыластарымды бөліп-жара алмаймын. Қай-қайсысы да қолдағы мүмкіндігін мүлт жібермеуге тырысты. Дегенмен ирандық спортшы сайыс барысында едәуір қарсылық көрсеткенін жасыра алмаймын.
- Жарыс барысында қандай сезімде болдың?
- Жеке бапкерім Серік Садықов маған сайыс алдында ақыл-кеңес айтты. Қарсыластардың осал тұсын айтып тұрды. «Ешбір уайымдамай, өз ойлағаныңды жүзеге асыруға тырыс» деді бапкерім. Осылайша ол кісі мені жігерлендіріп отырды. Қуаныштысы, барлығы өз деңгейінде орындалды. Әрбір әдіс-тәсіл жүзеге асты. Мен жеңіс тұғырына қадам бастым. Бұл - мен үшін ерекше оқиға. Дүниежүзілік додада елімнің абыройын асқақтатқаныма қуаныштымын. Алдағы уақытта сол жеңісті жолымды жалғастырғым келеді.
- Ересектер арасында өткен әлем біріншілігінен кейінгі қысқа уақыт ішінде дайындық қалай өтті?
- Қысқа мерзім болса да, барлық күш-жігерімді жинап, спорттық бабымды жоғалтпай, керісінше одан әрі шыңдай алдым. Күнделікті жаттығулар, физикалық және тактикалық дайындыққа ерекше көңіл бөлінді. Қазір өз нәтижеме қарап, сол қажырлы еңбек пен табандылықтың зая кетпегенін байқап отырмын.
- Қазір әлемде таэквондо спортының дамуын қалай бағалайсың?
- Жер-жаһанда спорттың бұл түрі кеңінен дамып келеді. Оны халықаралық жарыстарға барған сәтте байқап жүрміз. Қай елден келген спортшы болсын, сайыс барысында жеңісті қолдан бергісі келмейді. Ширақ қимылдап, ұпай қорын молайтуға тырысады. Бұл таэквондоның ерекше қарқынмен дамып келе жатқанын айғақтайды. Бұл спорт түрі Олимпиада ойындарының тізіміне енгізілген. Сондықтан алдағы уақытта да кеңінен дами түсетініне сенімім мол.
Бәсекелестіктің жоғары болғаны спортшы үшін өз септігін тигізеді деген сенімдемін. Өйткені әрбір жекпе-жекке деген жауапкершілік артады. Тыңғылықты дайындық қажет болады. Нәтижесінде сол сыннан сүрінбей өткен жағдайда жеңіс тұғырынан көрінуге мүмкіндік туады.

- Жарыс барысында қандай әдіс-тәсілді қолдана білдің?
- Бапкерлер әрбір сайыс алдында қарсыластарды мұқият зерттеді. Соған байланысты әдіс-тәсілді қолдана білдік.
- Жанкүйерлер қолдауын қаншалықты сезіне алдың?
- Шынын айтайын, маған қолдау білдірген адамдар саны аз болған жоқ. Оны толық сезіндім десем болады.
- Алда қандай жарыстар күтіп тұр? Сәл демалып алатын шығарсың.
- Бізді алдағы уақытта көптеген жарыс күтіп тұр. Сондықтан демалысқа уақыт жоқ десек те болады. Тыңғылықты әзірлікті жалғастыра береміз.
- Бұдан бұрын ересектер арасында әлем чемпионатында бақ сынағаныңды білеміз. Одан кейін жаңа жарысқа дайындық қалай жүргізілді?
- Қысқа мерзім болса да қалпыма келуге тырыстым. Барлық күш-жігерімді жинадым. Спорттық бабымда болуға тырыстым. Күнделікті жаттығу, физикалық және тактикалық дайындыққа мән берілді.
- Отбасың жайлы айта кетсең.
- Мен таэквондо спортына қадам басқанда отбасымда ешкім қарсы болған жоқ. Десе де үлкендер бұл жолда қаншама тер төгуге тура келетінін ескертті. Әрбір жарыстан оралған сәтте туған шаңырақтағы жақын жандардың ерекше көңіл күйін көргенде қанаттана түсемін. Дүбірлі додаға аттанар алдында олардың ақ батасын алуға тырысамын. Отбасымның тарапынан үнемі қолдауды сезінемін. Бұл мені жаңа жетістіктерге жетелейді. Отбасымда мен ең кішісімін.
- Сұхбатыңа рақмет. Алдағы уақытта толағай табыстар тілейміз.
Сондай-ақ Қазақстандық спортшы Батырхан Төлеуғали (87 келі) Найробиде (Кения) өткен таеквондодан (WT) 21 жасқа дейінгі спортшылар арасында әлем чемпионы атағына қол жеткізді.