Бейбіт Жұқаев Истбурн турнирінің іріктеу сатысын сәтті бастады

АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстандық, әлемнің 236-ракеткасы Бейбіт Жұқаев Истбурн (Ұлыбритания) ATP 250 турнирінің іріктеу сатысын сәтті бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бейбіт Жұқаев Истбурн турнирінің іріктеу сатысын сәтті бастады

Қазақстандық теннисші бастапқы кездесуін дүниежүзілік рейтингте 565-орында тұрған ұлыбританиялық Даниэль Литтлмен өткізді.

Бейбіт Жұқаев жергілікті теннисшіні 6:4, 6:4 есебімен қапы қалдырды.

Бір сағаттан астам уақытқа созылған матчта қазақстандық спортшы 8 эйспен бірге 4 брейк-пойнттың үшеуін мүлт жіберген жоқ. Қарсыласы 7 эйс, 1 брейкпен көзге түсті.

Б.Жұқаев іріктеу сайыстарының финалында әлемнің 80-ракеткасы, швейцариялық Марк-Андреа Хуслермен кездеседі. Оны жеңсе, өз спорттық жолында алғаш рет ATP 250 додасына жолдама алады.

Аталмыш жарыс 26 маусым – 1 шілде аралығында өтеді.

Өткен жылы мұнда америкалық Тейлор Фритц чемпион атанған еді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Александр Недовесовтің Ұлыбританиядағы жарыстың жеңімпазы атанғанын жазған болатынбыз.

Сондай-ақ Александр Бублик Германиядағы жарыстың финалына шықты.

Александр Бублик Германиядағы турнирдің финалына шыққаннан кейін өте бақытты екендігін жеткізді.