Бейбіт Жұқаев Мексикадағы турнирде тартысты матчта ұтылып қалды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандық, әлемнің 258-ракеткасы Бейбіт Жұқаев Лос-Кабос (Мексика) ATP 250 турнирінің екінші айналымына шыға алмады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
Фото: ktf.kz

Іріктеу сайыстарынан сәтті өткен Ақтау теннис мектебінің түлегі алғашқы айналымда әлемнің 113-ракеткасы, белоруссиялық Илья Ивашкамен шеберлік байқасты.

Бірінші партияда қазақстандық теннисші 6:3 есебімен басым түссе, екіншісінде Ивашка есе қайырды - 6:3.

Матч тағдыры тай-брейкте шешіліп, жеңіс И.Ивашканың уысында кетті - 7:6 (7:5).

Екі сағат жарымнан астам уақытқа созылған бәсеке барысында Бейбіт 7 эйс жасап, 10 брейк-пойнттың тек екеуін пайдаланды. Қарсыласы 8 эйспен бірге 2 брейк-пойнтты мүлт жіберген жоқ.

И.Ивашка келесі айналымда әлемнің 101-ракеткасы, чилилік Кристиан Гарин немесе рейтингте 115-сатыдағы хорватиялық Борна Гойоның біреуімен кездеседі.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Тимофей Скатовтың Германиядағы жарысты жеңіспен бастағанын жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар