Бейбіт Жұқаев Франциядағы жарыстың 1/8 финалына шықты
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандық теннисші, әлемнің 213-ракеткасы Бейбіт Жұқаев Тьонвиль (Франция) челленджер турнирін жеңіспен бастады.

Қазақстандық теннисші алғашқы айналымда дүниежүзілік рейтингіде 243-орында тұрған германиялық Макс Ганс Ребергтің мысын басты.
Бірінші партияда Бейбіт тай-брейкте сәтті ойнады – 7:6 (7:4). Екінші сетте қарқынын одан сайын үдетті – 6:1.
Бір сағат 16 минутқа созылған бәсекеде Б.Жұқаев 16 эйс жасап, 4 брейк-пойнттың екеуін пайдаланды.
Бейбіт Жұқаев ширек финалға шығу үшін әлемнің 171-ракеткасы, канадалық Лиам Драксльмен таласады. Ол үш сағатқа жуық уақытқа созылған тартысты матчта рейтингіде 299-сатыдағы норвегиялық Николай Будковты жолдан тайдырды – 6:4, 6:7 (10:12), 6:4.
Тағы бір қазақстандық, рейтингіде 256-орындағы Денис Евсеев бастапқы кездесуін әлемнің 253-ракеткасы, франциялық Саша Геймар-Вайенбургпен өткізеді.
Жүлде қоры 91 250 еуроға бағаланған Тьонвиль додасы 9 наурызда мәресіне жетеді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Ахмади Мақановтың Швециядағы супер турнирдің чемпионы атанғанын жазған болатынбыз.
Анна Данилина Мексикадағы жарыстың финалында есе жіберді.