Бейбітсүйгіштік – бізді біріктіретін фактор

Анатолий Неумывако
Фото: Мұрат Аяған/Kazinform

ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Анатолий Васильевичтің «Т. Шевченко атындағы украин мәдениетінің Павлодар серіктестігі» облыстық қоғамдық бірлестігінің тізгінін ұстағанына бір жылдай ғана уақыт өтіпті. Дейтұрғанмен ол ұйымның жұмысына 28 жылдан бері белсенді араласып, орталық хорында ән салып келді. Ассамблеяның, өз бірлестігінің қыр-сырын бес саусағындай жақсы білетіндіктен жергілікті украиндер оны бірден қолдап, сайлаған.

«Т. Шевченко атындағы украин мәдениетінің Павлодар серіктестігі» облыстық қоғамдық бірлестігі - еліміздегі қоғамдық институтты дамытуға сүбелі үлес қосып келе жатқан ұйымның бірі. Бірлестік жетекшісі, құрметті ақсақал Анатолий Неумывако мен оның әулеті үшін Қазақстан құтты мекенге айналған.

Әріптестері әншілік өнерін жақсы бағалайды. 1996 жылдан бастап қоғамдық бірлестіктің мәдени өміріне белсене араласып, түрлі мәдени кештер, арнайы фестивальдарға қатысады. Анатолий Неумывако 150-ге жуық украин әндерін хормен де, жеке өзі де орындайды. Хор мүшелері украин әндерінен бөлек, Абайдың, басқа да қазақ композиторларының әндерін біледі екен.

- Бізде Ұлттық жаңғыру мектебі бар, ондағы екі сыныпта балаларға украин халқының тілі үйретіліп, мәдениеті таныстырылады. Екінші жағынан ол жерде қолөнермен, ұлттық бұйымдарды әзірлеумен де айналысуға мүмкіндік бар. Бізге «Қоғамдық келісім» мекемесінің қолдауымен әдемі киімдер, костюмдер тігіліп, мерекелік іс-шараларға үзбей қатысамыз. Жастар орталығы негізінен концерттік бағдарламаларға жиі барады. Бұған қоса аналар кеңесі, ақсақалдар кеңесі жұмыс істеп тұр. Ондағы мүшелеріміз ұзақ жылдан бері жергілікті Ассамблеямен, «Достық үйімен» тығыз байланыста. Мектептерге жиі шығып, халқымыздың тарихы, мәдениеті, тұрмыс-тіршілігі, салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы туралы жас ұрпаққа дәріс оқимыз. Осының барлығы еліміздегі халықтар еркіндігінің, ауызбіршілік пен ынтымағымыздың қаймағы бұзылмауының айғағы, - деп әңгімеледі ақсақал.

Анатолий Васильевич бүгінгі Қазақстанның жастары жаңашыл әрі білімқұмар екеніне тоқталды. Айтуынша, кеңес дәуіріндегі жастардың құндылығы, өмір салттары мүлде бөлек еді. Жас азаматтар ұлттар мен халықтар арасындағы достықтың нығаюы бейбітшілікке негіз болатынын жақсы түсінеді. Сондықтан осы құндылықты жоғары бағалайтындары байқалатындай.

Бірлестіктің жастар қанаты ақсақалдарға зор қолғанат болып тұрған көрінеді. Түрлі іс-шараларды бірлесіп атқарып, қайырымдылық шараларына елдің алды болып жүгіреді. Жуықта облыс орталығындағы «Самал» оңалту орталығына барып, ондағы емделушілерге сыйлық жасаған. Бұған қоса, Украинадан қоныс аударып келген азаматтарға, елдегі табиғи апаттардан зардап шеккендерге көмек көрсетуде ересектермен бірге тізе қосып жүр. Жастардың мұндай игі істерге жұмылуына Ұлттық жаңғыру мектебінің ұстазы Татьяна Головчук, ата-ана Татьяна Саенко және тағы басқа белсенді жандар себепкер.

А. Неумываконың негізгі мамандығы – орыс тілі пәнінің мұғалімі. 48 жыл ұстаздық етіп, мектеп директоры лауазымын да абыройлы атқарған. Оның атасы мен әжесі сонау XVIII ғасырдың соңында Қазақстан жеріне көшіп келіп, қазіргі Ертіс ауданы аумағына табан тіреген. Сол уақыттан бері әулет мүшелері Қазақ жеріндегі Ұлт-азаттық көтерілісті, төңкерісті, аштық алапаты мен сталиндік қуғын-сүргінді, Екінші дүниежүзілік соғыс уақытындағы қиындықтарды қазақтармен бірге бастан өткерді. Ақсақал жұбайы Валентина Николаевна екеуі екі ұл, бір қыз тәрбиелеп өсіріп, бүгінде немерелерінің қызығына кенеліп отыр. Украинаны тарихи отаны санағанымен, ұрпағы Қазақстанды мекендеп қалуын тілейтінін жеткізді.

- Қазақ халқының мейірімі мен жомарттығы, бейбітсүйгіш қасиетінің арқасында еліміздегі бірлік пен ынтымаққа сызат түспейтіні анық. Ал Ассамблея сияқты қоғамдық институт өзінің қажеттілігін әлдеқашан дәлелдеп қойған. Ең бастысы, мұнда түрлі ұлттар мәдениетінің тоғысы бар. Мұндай жерде халықтардың бір-біріне деген сүйіспеншілігі мен құрметі арта түседі. Мәселен, біздің бірлестік өзге ұлттық орталықтарымен үнемі байланыстамыз. Түрлі салтанатты іс-шараларда, мерекелік концерттерде бірлесіп өнер көрсетеміз. Алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыстарымыз жалғаса береді, себебі бұл бізді біріктіреді, - дейді ол.

Соңғы жаңалықтар