Бейімбет Мусин БҚО энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасын басқарады
ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысы әкімінің өкімімен Бейімбет Мусин БҚО энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы лауазымына тағайындалды.

БҚО әкімінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, Бейімбет Мәлікұлы 1985 жылы БҚО, Ақжайық ауданында дүниеге келген.
Білімі жоғары. Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетін ауыл шаруашылығын электрлендіру және автоматтандыру, Батыс Қазақстан инженерлік-гуманитарлық университетін экономика, сондай-ақ ҚР Президентінің «Болашақ» халықаралық стипендиясына сәйкес магистратураны электр энергетикасы және тұрақты энергетика мамандығы бойынша тәмамдаған.
Сонымен қатар ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының мемлекеттік басқару мамандығы бойынша докторы.
Әр жылдары «МТС-Құрылыс» ЖШС электригі, «Батыс Қазақстан Қуат Сервис» ЖШС инженер-электригі, осы серіктестіктің материалдар бойынша координаторы және сапаны бақылау бойынша маманы, БҚО энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы энергетиканы дамыту бөлімінің бас маманы болды.
Оған қоса Алматы қаласы энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасы перспективті даму бөлімінің бас маманы, БҚО энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы энергетиканы дамыту бөлімінің басшысы лауазымында қызмет етті.
Тағайындауға дейін БҚО энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары болды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Мирас Мүлкәйдің Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары қызметіне кіріскенін жазған едік.