«Бейнеу-Бозой» газ құбыры 2015 жылға дейін толық іске қосылады

«Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ-ның жарғылық капиталын ұлғайтуға бөлінген бюджет қаражатын пайдаланудың тиімділігі" тақырыбында өткен Үкімет сағатында «Самұрық-Қазына» қоры басқарма төрағасының орынбасары Қуандық Бишімбаев осылай мәлім етті.
Оның айтуынша, «Бейнеу-Бозой» газ құбыры жобасының толық құны 3,7 млрд. долларды құрайды.
«Оның 1 млрд. доллары капитал саналады және екі тараптан қалыптасады. Атап айтқанда, 500 млн. доллар Қазақстан тарапынан, 500 млн. доллар Қытай тарапынан қалыптасады. Бұдан бөлек, 2,7 млрд. доллар Қытай тарапынан несие ретінде құбыр салу жобасына жұмсалатын болады», - дейді Қ. Бишімбаев.
Оның айтуынша, қазіргі таңда капитал толық қалыптасқан. Қазақстан өз міндеттемелерін де орындады. «Жоба жоспар бойынша атқарылып келеді. 2015 жылға дейін «Бейнеу-Бозой» жобасы толық іске қосылады», - деді ол.