«Бейнеу-Бозой-Шымкент» газ құбыры желілік бөлігінің алғашқы тоғысы дәнекерленді

ТАНА. 6 қыркүйек. ҚазАқпарат - Бүгін Оңтүстік Қазақстан облысының Түркістан қаласында «Бейнеу-Бозой-Шымкент» газ құбыры желілік бөлігінің алғашқы тоғысын дәнекерлеу салтанаты болды, деп хабарлады «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ баспасөз қызметі.
None
None

Шараға ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Өмірзақ Шөкеев, Қытай Халық Республикасының Даму істері және реформалар жөніндегі мемлекеттік комитетінің төрағасы, Энергетиканы басқару жөніндегі мемлекеттік төрағасы Лю Тенань, ҚР Мұнай және газ министрі Сауат Мыңбаев, Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Асқар Мырзахметов, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ басқармасының төрағасы Қайыргелді Қабылдин, Қытай ұлттық мұнай-газ корпорациясының вице-президенті Ван Дунцзинь қатысты.

«ҚР Мұнай және газ министрі Сауат Мыңбаев «Бейнеу-Бозой-Шымкент» газ құбыры желілік бөлігінің алғашқы тоғысын дәнекерлеуді бастап берді. Одан соң делегацияға қатысушылар газ құбырында естелік қолтаңба қалдырды. Сонымен қатар олар газ тарату стансасы құрылысына естелік капсула орнату шарасына да қатысты», - делінген хабарламада.

«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ «Бейнеу-Бозой-Шымкент» газ құбыры құрылысының жобасын Қазақстан Республикасының 2010-2014 жылдарға арналған үдемелі индустриалды-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асыруда. «Бейнеу-Бозой-Шымкент» газ құбырының ұзындығы 1 475 шақырым, Маңғыстау, Ақтөбе, Қызылорда және Оңтүстік Қазақстан облыстары аумағы бойынша өтеді. Құрылыс жұмысы кезінде 3500-ге жуық қазақстандық мамандарды тарту көзделіп отыр. Ал пайдалану кезінде 500-ге жуық жұмыс орны құрылады. 1,5 миллионнан астам адам газбен қамтамасыз етіледі, бұл - республика тұрғындарының оннан бір бөлігі.

Жүзеге 2 кезең бойынша асырылады. Бірінші кезеңде газ өткізу қуаты жылына 6 млрд. текше метрге, ал екінше кезеңде 10 млрд. текше метрге дейін арттырылады.

«Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы арасындағы үкіметаралық келісімге орай жүзеге асырылып жатқан «Бейнеу-Бозой-Шымкент» газ құбыры құрылысының жобасы еліміздің экономикасы мен энергия қауіпсіздігі үшін маңызды болып табылады. Бұл газ құбыры Орта Азия газы экспортының бағдарын әртараптандыруға мүмкіндік береді. Салық және транзиттік газды тасымалдаудан түскен табыс Қазақстанның байлығын еселей түсетін болады. Сонымен бірге «Қазақстан-Қытай» газ құбыры құрылысының үшінші тармағына инвестиция құю нәтижесінде еліміздің экономикасына мультипликативті әсер береді»,- деп атап өтті «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқармасының төрағасы Қ.Қабылдин.

Соңғы жаңалықтар