Бейнеу-Шымкент газ құбыры өтетін бағытта 60-тан астам ежелгі археологиялық ескерткіш нысандары бар - С. Мыңбаев

Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында «2007 жылғы 18 тамыздағы ҚР Үкіметі мен ҚХР Үкіметі арасындағы Қазақстан - Қытай газ құбырын салу мен пайдаланудағы ынтымақтастық туралы келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасын талқылау барысында мәлім болды.
Құжатты талқылау барысында депутаттар Бейнеу-Шымкент газ құбыры жобасы еліміздегі ежелгі археологиялық ескерткіштердің мол шоғырланған жерінен өтетіндігін айтып, бұндай ежелгі ескерткіштердің тағдырына, оларды сақтап қалуға қатысты алаңдаушылық білдірген болатын.
«Расында да, аталған газ құбыры трассасы бойынша 60-тан астам ежелгі ескерткіш нысаны анықталды. Менің түсінуімше, оның 29-ы тиісті назар аударушылықты талап етеді. Осы 29 нысан бойынша арнайы бюджеттік қаражаттар қарастырылады деп ойлаймын. Бұлардан бөлек, қалған 30-дан астам нысандарға қатысты соншалықты мәселе туындаған жоқ, яғни оларды сақтап қалу оңай шешімін табады», деді Мұнай және газ министрі Сауат Мыңбаев.
Естеріңізге сала кетейік, хаттамаға сәйкес Бейнеу - Шымкент газ құбыры Қазақстан - Қытай газ құбырының екінші учаскесі ретінде қарастырылады. Газ құбыры трассасы Маңғыстау, Ақтөбе, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан облыстары бойынша өтеді. Сондай-ақ Бейнеу - Шымкент газ құбыры «Орталық Азия - Орталық», «Бұхара - Орал», «Ташкент -Бішкек - Алматы», «Қазақстан - Қытай» секілді барлық ірі газ құбырларын қосады. Мәжіліс аталған құжатты мақұлдап, Парламент Сенатына жіберген болатын.