Бейрут портындағы жарылыс: Кім кінәлі

2020 жылдың 4 тамызы күні сағат шамамен 18-00-де Ливан астанасы Бейрут қаласындағы теңіз портында алғашқы жарылыс орын алып, соңы алапат өртке ұласты. Қызыл жалын салдарынан бірнеше шағын жарылыс тіркеліп, содан кейін жойқын толқын тудырған қуатты жарылыс болды.
Алғашқы жарылыс көптеген куәгердің назарын өзіне аудартты. Дәл осы жайт әлеуметтік желіде жарылысқа қатысты бейнежазбалардың өте көп болуына мүмкіндік берді. Екінші жарылыстың қуатты болғаны соншалық, бірнеше шақырымдық радиустағы ғимараттардың өзі бүлінді. Сейсмологтардың дерегінше, жарылыс қуаты 3,3 балдық сейсмикалық толқын тудырған. Оның қуаты тротил эквивалентінде 2,2 тонна деп бағаланады. Ал келесі бір мәліметтерге қарағанда, жарылыс Хиросимаға тасталған атом бомбасы қуатының оннан бір бөлігіне тең болған.
Жарылыс дауысы тек бүкіл Ливанға ғана емес, тіпті оның аумағынан тысқары жерге де естілді. Мәселен, Бейруттан 240 шақырым жерде орналасқан Кипр тұрғындарының да құлағына жарылыс дүмпуі жетті. Сол кезде Ливанның Жоғары қорғаныс кеңесі шұғыл жиын өткізіп, оның қорытындысында ел астанасын апат аймағы, ал 5 тамызды аза тұту күні деп жариялаған еді.
Осыдан кейін Хасан Диаб Үкіметіне жаппай наразылық акциялары басталып, ол толық құрамда отставкаға кетті. Дегенмен, жаңа Үкімет жасақталғанға дейін міндетін атқарушы ретінде жұмысын жалғастырды.
Фото: BBC
Бірнеше ондаған адамның өмірін жалмаған жарылыс салдарынан 3 аурухана, медициналық дәрі-дәрмек қоймасы, астық элеваторы, сонымен қатар елдің энергия жүйесін басқару ұлттық орталығы қирады. Жарылыс ошағынан 10 шақырым жердегі ғимараттардың бәрі, оның ішінде Қазақстанның дипломатиялық өкілдігі бүлінді. Өкілдікте болған Қазақстан косулы жеңіл жарақат алды.
Сол кезде Ливан Президенті болған Мишель Аун порт қоймасында 2 750 тонна аммоний нитраты, яғни аммиак селитрасы сақталғанын мәлімдеген еді. Бұл затты жарылыс жұмыстарына, сонымен қатар азот тыңайтқышы ретінде кәдеге жаратуға болады.
Қауіпті зат Бейрут портына 2013 жылы жеткізілген. Ресейлік Игорь Гречушкинге тиесілі «Rhosus» 2013 жылдың қыркүйегінде «Рустави Азот» комбинатында шығарылған 2 750 тонна аммоний нитратын Батуми портынан тиеп, молдава туымен жолға шыққан. Жүк Мозамбикке жеткізілуі тиіс еді. 2 айдан кейін кеме қозғалтқышынан ақау шығып, Бейрут портына аялдайды. Айта кетерлігі, 1986 жылы жасалған кеме палубасын тот басып, өрт қауіпсіздігіне қатысты да проблемалары болған. «Rhosus» Бейрутта жол-құрылыс техникаларын тиеу қажет еді. Алайда жүк сыйымдылығын есептеудегі қателіктерге байланысты қосымша жүк артылмаған.
2014 жылдың ақпанында 100 мың доллар төлем жасамаған кемені ливан билігі тұтқынға алады. Ал кеме капитаны Борис Прокошевке аға механикпен, үшінші механикпен және боцманмен бірге кемеге қалу бұйырылады. Алайда, олар кемеде қыркүйек айына дейін болып, сот процесінен кейін Ливаннан шығып кетеді. Ал бұл уақытта ескірген кеме түбі тесіліп, аммоний нитраты порт қоймасына ауыстырылады.
Кім кінәлі?
Қауіпті жүктің бар екенін кім білді және адамдардың өлімі мен қирандыларға жауапкершілік кімге жүктелуі тиіс? Бүгінде бұл сауалға 2021 жылдың ақпанында Бейрут портындағы жарылыстың жетекші тергеушісі болып тағайындалған судья Тарик Битар бастаған тергеу тобы жауап табуға тырысып жатыр.
Фото: Тарик Битар
Тарик Битар 1974 жылы Ливанның солтүстігінде христиан отбасында дүниеге келген. Ливан университетінде заңгерлік білім алған ол мансап жолын заңгерліктен бастап, кейін Триполда қылмыстық істер жөніндегі судья, Ливанның солтүстігінде прокурор болып жұмыс істейді. 2017 жылы Бейрутке қоныс аударып, ел астанасының қылмыстық сотының басшысы болады.
Битар тергеуге кіріскеннен кейін барлық тарап оны бейтарап әрі тәжірибе тұлға деп санады. Алайда, ол тергеуге басты тұлғаларды шақыра бастаған сәтте кейбір саясаткерлер, әсіресе «Хизбалла» мен «Амаль» шейіт партияларының жақтастары оны «АҚШ-тың Бейруттегі елшілігінен бұйрық алды, саясиланып кетті» деп айыптады.
Ол Үкімет басшысы болған Хасан Диабты, бұрынғы Қаржы министрі, депутат Әли Хасан Халилді, сонымен қатар Көлік және қоғамдық жұмыстар экс-министрі Юсеф Фенианосты куәлік беруге шақыруға тырысты. Ал олар тергеумен ымыраға келуден бас тартып, судьяны қаралауға ұмтылды. Битардың ел парламентінен Ливанның бұрынғы саясаткерлері мен қауіпсіздік қызметінің жоғары лауазымды қызметкерлерінен сот тергеуіне қарсы иммуниетін алып тастау өтінішінен де түк шыққан жоқ. Осыдан кейін елдегі ахуал одан ары ушығып, 2021 жылдың қазанында бәсекелес тараптар арасында қарулы қақтығыс орын алды. 5 сағатқа созылған атыс Ливан армиясының күшімен ғана тоқтатылды.
Дәл осы жайт порттағы жарылыс төңірегіндегі қарама-қайшылықты шиеленістіріп жіберді. Жарылыс салдарынан қаза тапқандардың отбасы мен туған-туыстары Битарға қолдау көрсетсе, екінші тарап оның отставкаға кетуін талап етті. Битар тергеуі 2021 жылдың желтоқсанында бұрынғы үш министрдің сотқа шағым беруіне байланысты тоқтатылды.
Қазіргі жағдай қандай?
2023 жылдың қаңтарында Битар өз өкілеттігін қайтарып алды және ливан қоғамдастығы мен азаматтық қоғам оның оралуына қолдау білдірді. Дегенмен, саяси және сот истеблишменті сенімсіздік танытқаны да бар.
Битар саясаткерлер, мемлекеттік қызметшілер және судьяларға қарсы қайтадан іс қозғады. Reuters агенттігінің қолына түскен сот құжаттарына сәйкес, Битар Ливанның бас прокуроры Гассан Овейдатқа, Ливанның ішкі барлау қызметінің басшысы генерал-майор Аббас Ибрагимге және армияның бұрынғы қолбасшысы Жан Кахваджиге қосымша айып тақты. Ал Associated Press айыпталушылардың қатарында генерал-майор Тони Салибтің де бар екендігін хабарлады.
Айта кетерлігі, тергеуге тікелей қатысы бар бас прокурор Овейдат Битардың өзіне қарсы айып тағып отыр. Бас прокурордың жарылысқа қатысты іс бойынша тұтқында отырған, елден кетуге тыйым салынған 17 тұтқынды босатып жібергені белгілі. Олардың біразы ел аумағынан бой тасалап үлгерген. Бұл жайт та қоғамның наразылығын тудырып отыр.
Жарылыс құрбандары ливандықтар жадында
Human Rights Watch құқық қорғау ұйымының есебіне сәйкес, тәуелсіз тергеу нәтижесіне орай 215-тен астам адамның қаза тауып, шамамен 300 мың адамның баспанасын тастап кеткені белгілі. Сонымен қатар 7 мың адам жараланып, оның кемінде 150-і мүгедек болып қалған.
Бүгінде жарылыс құрбандарының туыстары әділдік іздеп, мемлекеттен кінәлілерді табуды және оларды жауапкершілікке тартуды талап етіп жүр. Қайғылы жайт құрбандарының көпшілігінің отбасы Битарға қолдау көрсетіп, билікті тыңғылықты әрі кедергісіз тергеу жүргізуге шақыруда. Дегенмен, кейбіреулері ішкі тергеуден үмітін үзіп, БҰҰ көмегімен фактілерді анықтау жөніндегі миссия өткізуді талап ету үстінде.
Қаңтарда трагедия құрбандарының отбасылары кезекті рет наразылық акциясын өткізіп, Ливанның әділ сот сарайына кіруге тырысты. Құрбандардың суреттерін қолдарына ұстаған олар тәуелсіз сот тергеуін жүргізуге шақырған-ды.