Израиль Ливан астанасына тағы шабуыл жасады
АСТАНА. KAZINFORM - Израиль әскері Ливанның оңтүстігіндегі құрлық операциясын жалғастырып жатыр, сонымен бірге ел астанасы Бейруттегі «Хезболланың» инфрақұрылымдық нысандарына зыымыран шабуылдарын жасауда. BBC тілшісінің хабарлауынша, «Бейрут соғыс аймағына айналды».

Сенбіден жексенбіге қараған түні Израиль Бейруттің оңтүстік бөлігіне жаппай зымыран шабуылын жасап, «Хезболла» инфрақұрылымын атқылады.
Соққылар жарты сағат бойы үздіксіз бірінен соң бірі жалғасты, деп жазады Reuters куәгерлерге сілтеме жасап.
От ұшқындары бірнеше шақырым қашықтықтан көрінген.
Бейруттағы BBC тілшісі қала ішінде кем дегенде алты үлкен жарылыс болғанын, жарылыстар арасында ұшқыш дрондардың дыбысы естілгенін хабарлады.
Соққылардың бірі жанармай құю станциясына тиген болуы мүмкін, деп жазады ВВС журналисі, осы жерде аспанға от шары көтерілді және видеодан үлкен өрт шығып жатқанын көруге болады.
Ал Бейруттағы CNN тілшісі түнде болған соққыны кейінгі уақыттағы ең ірі шабуыл деп сипаттады.
Израиль қорғаныс күштері «Бейрут аймағындағы Хезболла лаңкестерімен байланысты нысандарға шабуыл жасап жатқанын» растады. Шабуыл басталғанға дейін бірнеше сағат бұрын ЦАХАЛ өз жоспарлары туралы ескерту жасап, «жақын арада» қай аймақты нысанаға алатынын көрсетіп, 500 метр радиуста тұратын адамдарды шұғыл эвакуациялауға шақырды.
Әуежай маңындағы аймақ сенбі күні Израильдің зымыран соққыларына ұшыраған болатын.
Сенбі күні таңертең израиль қолбасшылығы «Хезболланың» таулы аймақтарда, қалың тоғайларда және халық тығыз қоныстанған аймақтарда орналасқан «жарылғыш заттары бар» қару қоймаларының жойылғанын хабарлады.
Осыған дейін Израиль Бейрут орталығына соққы жасап, 6 адам қаза тапқанын жаздық.