Бейсембай Кенжебайұлының бес томдық шығармалар жинағының алғашқы томы жарыққа шықты

АСТАНА. 9 ақпан. ҚазАқпарат - Қазақ әдебиеті тарихын «Түрік қағанаты» дәуіріне дейін ілгерілетуге мұрындық болған, сол жолда 1941-1987 жылдар аралығында шекпеген азабы жоқ айтулы азамат,
None
None

таймас табанды ғалым, қазақ түркологиясы басында тұрған ұлы түркітанушы, ұлттық филологияның ірі қайраткері Бейсембай Кенжебайұлының бес томдық шығармалар жинағының «Түрік қағанатынан бүгінгі күнге дейін...» деп аталатын алғашқы томы жарыққа шықты.

Қазақ әдебиеті тарихын «Орхон-Енисей руна жазуларынан» таратып қазақ әдебиеті тарихының түркі халықтарына ортақ дәуірлері мен өзіне ғана тән даму белестерін кезең-кезеңі бойынша жүйелі талдайтын еңбектерден бас құраған бұл кітаптың тілі - құнарлы, айтары - айқын.

1-томда ғалымның «Ерте дәуірлердегі әдебиет нұсқалары», «Қазақ әдебиетінің тарихын дәуірлеу», «Дивани Лұғат-ат Түрік», «Қисса-сұл Әнбия», «Кодекс Куманикус», «Мұхаббатнама» атты ғылыми мақалалары қамтылған. Сондай-ақ «Қазақ хандығы тұсындағы әдебиет», «Қазақ өлеңінің құрылысы», «ХІХ ғасырдағы қазақ әдебиеті», «ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиеті» және басқа да мақалалары енген. Абай Құнанбайұлы, Ыбырай Алтынсарин, Шоқан Уәлиханов, Ақмолла ақын, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Мұхаметжан Сералин, Әсет Найманбаев, Бернияз Күлеев, Мақыш Қалтаев, Әкірам Ғалымов туралы зерттеулері жарияланып отыр.

Редакциялық алқа құрамына У.Қалижан (төраға), М.Жолдасбеков, Ә.Кекілбай, Т.Кәкішұлы, Н.Келімбетов, Қ.Ергөбек (жауапты) сынды ғалым-жазушылар енген. Пікір жазғандар - Д.Исабеков пен Р. Нұрғалиұлы.

Кітаптың басында және соңында белгілі ғалым, профессор Құлбек Ергөбектің ой-толғамдары берілген. Бейсембай Кенжебайұлына арнаған сөзінде Қ.Ергөбек: «Отызыншы жылдары Сіз Абайдан кейінгі асқар беліміз - Сұлтанмахмұтты тану, танытуымен шұғылдандыңыз. Қазақ әдебиеті көгіне жарқ етіп көтеріліп, аз тұрып, ағып түскен Сұлтанмахмұт. Сіз - ақынның ғылыми өмірбаянын түзушісіз. Сіз - ақынның әдеби мұрасын жинақтап, хронологиялық тұрғыдан жүйелеушісіз. Сіз - 1941, 1950, 1957, 1962, 1987 жылдары ақын мұрасын мәтіндік сүзгіден өткізіп бір, екі том етіп құрастырып, жарыққа шығарушысыз. Кандидаттық диссертацияңыз - осы асау жүрек ақынға арналды. Сұлтанмахмұттың әдеби мұрасын зерттеудегі жетістігіңіз қателікке баланып, 1953 жылы КОКП қатарынан шығарылдыңыз, Мұхтар Әуезовпен бірге - бір бұйрықпен жұмыстан қуылдыңыз. Сіз Сұлтанмахмұттануды зерттеу очеркінен маңызды монографияға дейін ұластыра жүргіздіңіз» деп жазады.

Екі мың дана таралыммен шыққан бұл жинақтың көлемі 20 баспа табақтан тұрады.

Соңғы жаңалықтар