Бейсенбаев: Қазақстан өндіріс пен экспорттың күрделілігі жөнінен Өзбекстан мен Грузиядан да төмен тұр

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан өндіріс пен экспорттағы ғылым мен технологияның үлесін сипаттайтын ECI рейтингісінде Өзбекстан мен Грузиядан да төмен орында тұр.

бейсенбаев
Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

Бұл туралы Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев ғылым заңнамасын жетілдіруге арналған жиында айтты.

— ECI дейтін көрсеткіш бар, өндіріс пен экспорттың күрделілігін сипаттайды, яғни сыртқа шығатын тауарлардағы ғылым мен технологияның үлесін көрсетеді. Мендегі ақпарат бойынша Қазақстан қазір 84 орында тұр. Біздің алдымызда Украина 51 орында тұр. Соғыс болып жатқан мемлекет бұл. Одан қалса, 70 орында Грузия тұр. Тіпті Өзбекстан біздің алдымызда — 80 орында. Бұл енді шынтуайтында біздің ғылымның жағдайын көрсетеді, — деді ол.

Депутат Ғылым академиясы ғалымдар ойлап тапқан жаңалықтарды өндіріспен ұштастыруда сылбыр жұмыс істеп отырғанын айтып сынады. 

— Біз әр түрлі кәсіпорындармен кездесеміз. Сонда олардан сұрағанда Ғылым академиясы ешбір ұсыныс жасамағанын айтады. Бір де бір кәсіпорын, бір де бір мекеме Ғылым академиясы инвестиция сұрап келгенін айтқан жоқ. Қазақстанда 1500 өнеркәсіп кәсіпорны бар. Оның 50 пайызы тау-кен кәсіпорындары. Қазақстан экономикасындағы бүкіл ақшаның 50 пайызы сол кәсіпорындарда шоғырланған. Соларға бір де бір ұсыныс жоқ. Инвестицияны мемлекеттік бюджеттен ғана іздеудің керегі жоқ. Соларда да инвестиция іздеуге болады, — деді Елнұр Бейсенбаев.

Бұған дейін Астанада көмір технологиясы ұлттық ғылыми орталығы ашылуы мүмкін екенін жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар