Бейжің-2022: Бүгінгі шыққан биігіміз - ширек финал

Төрт спорттан 8 спортшымыз жарыс алаңына шықты.
Атап айтсақ, бүгін жарыс алаңына бірінші болып ерлер арасында шаңғы жарысынан классикалық стильден 15 шақырымдық бәсеке де Виталий Пухкало мен Евгений Величко шықты.
Жарыс нәтижесі бойынша жалпы жарыс жолына шыққан 99 шаңғышылар арасынан Виталий Пухкало мәреге 25-ші, ал Евгений Величко 40-шы болып жетті.
Жерлестеріміз Пухкало тиісті қашықтықты 40:39:6 уақытта бағындырса, Величко 41:27:3 уақытта жүріп өтті.
Бұл доданың бас жүлдесін финляндиялық Ииво Нисканен жеңіп алды.
Күмісті ресейлік Александр Большунов қанжығасына байласа, үздік үштікті норвегиялық Йоханнес Клебо еншілеп Бейжің олимпиадасының қола жүлдегері атанды.
Одан кейін биатлоннан әйелдер арасындағы спринт жарысы басталды.
Бағдарламаның бұл түрінде Қазақстан атынан жалғыз Галина Вишневская-Шепоренко ел намысын қорғады.
Өкінішке қарай отандасымыз жалпы есепте жарысқа қатысқан 60 спортшының ішінен 52-ші орынға ие болды.
Жерлесіміз жеңімпаздан +2:38,3 (1+0) минутқа қалып қойды.
Аталған сында Бейжің олимпидасының алтын медалін Норвегия спортшысы қанжығасына байлады.
Күміс медальге Швеция биатлоншысы қол жеткізсе, үздік үштікті италиялық атлет түйіндеді.
Одан кейінгі кезек қазақстандық шорт-трекшілерге де келіп жетті. 500 метр қашықтықта ел намысын бір емес үш атлетіміз қорғады.
Нәтижесінде үшеуі де алғашқы іріктеу сынынан сүрінбей өтіп, ширек финалдық бәсекге жолдама алды.
Жерлестеріміз арасынан мұз айдынға бірінші болып шыққан Әділ Ғалиахметов 500 метрді 40,74 секундта жүгіріп өтсе, Денис Никиша 40,482 секундта бағындырып ширек финалға жолдама алды.
Ал Абзал Әжіғалиев аталған қашықтықты 40.87 секундта бағындырды.
Ғалиахметов өз тобында екінші орынға табан тіресе, Никиша мен Әжіғалиев бірінші орыннан көрінді.
Осылайша, қазақстандық спортшылар автоматты түрде келесі кезеңге өтті.
Енді шорт-трекшілеріміз ширек финал, жартылай финал және финал кезеңдерін 13 ақпанда өткізеді.
Шорт-трекшілеріміздің сәтті жеңісінен кейін, іле-шала үлкен трамплиннен секіруден іріктеу жарысының нәтижелері де анықталды.
Бұл спорт түрінен ел намысын Даниил Васильев пен Сергей Ткаченко қоғаған болатын. Өкінішке қарай, екеуі де үмітті ақтай алмады.
Нақтырақ айтсақ, екеуі де келесі кезеңге жолдама алатын 50 спортшының қатарына іліге алмады.
Васильев 69.4 ұпаймен (103 м) 51-орынға ие болса, Ткаченко 54-орынға (60,7 ұпай, 98,5 м) табан тіреді.
Ендігі үміт - ертеңгі жарыс жолына шығатын спортшыларымызда.