Бейжің-2022: Медальдар кестесі бойынша үздік үштікте Норвегия, Швеция мен Ресей тұр
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қытай астанасы Бейжің қаласында өтіп жатқан 2022 жылғы қысқы Олимпиада ойындарында 6 ақпандағы медальдар есебі жарияланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қазақстандық спортшылар 5 ақпанда шаңғымен жарыс, фристайл (могул) және шаңғымен тұғырдан секіру сайыстарынан жарыс жолына шықты. Олардың барлығы жүлдегерлер қатарынан көріне алған жоқ.
Дүбірлі додада 6 ақпанда медаль алған мемлекеттер саны 18-ге жетті. Сайыстар барысында Нидерланды, Австралия, Жаңа Зеландия, АҚШ, Польша, Финляндия жүлдегерлер қатарын толықтырды.
Коньки спортында бір алтын, бір күміс алған Нидерланды бірден бесінші орынға көтерілді. Ал фристайлда алтын, сноубордта қолаға қол созған Австралия алтыншы орынға тұрақтаса, слоупстайлда бірінші орынға табан тіреген Жаңа Зеландия оныншы орынға жайғасты.
Сондай-ақ, АҚШ - 2 күміс (фристайл-могул, сноуборд), Польша - 1(фристайл-могул, сноуборд), Финляндияда -1 (шаңғымен жарыс) қола медаль алды.
Бейжің Олимпиадасында 6 ақпандағы медаль алған ел құрамаларының алғашқы бестігі төмендегіше:
1. Норвегия - 2-0-1
2. Швеция- 2-0-0
3. Ресей - 1-2-2
4. Германия - 1-1-0
5. Нидерланды - 1-1-0
Ақ Олимпиадада еліміздің атынан 34 спортшы 87 жолдама бойынша сынға түседі.