Бейжің-2022: Медаль күткен күн еді, үміт ақталмады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін, яғни 6 ақпан күні қазақстандық жанкүйерлер Бейжің Олимпиадасынан медаль күткен болатын, өкінішке қарай үміт ақталмады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

Бүгін Қазақстан құрамасы Олимпиада ойындарындағы кезекті жарыс күнін аяқтады.

Жанкүйерлер бүгін Юлия Галышева ел қоржынына медаль салады деп үміттенген болатын. Өкінішке қарай отандасымыз 2018 жылы Оңтүстік Кореяның Пхенчхан қаласында өткен Олимпиададағы жетістігін қайталай алған жоқ. Ол онда ел қоржынына бір қола медаль салған еді.

Бұл спорт түрінен Галышевадан бөлек Олеся Граур, Аяулым Әміренова, Анастасия Городко бақ сынады. Өкінішке қарай бұл спортшыларымыз екінші іріктеуден сүрініп, финалдық сынға оте алмай қалды.

Іріктеу сайысында Олеся Граур - 18-орын, Аяулым Әміренова 12-орынға ие болса, Анастасия Городко - 11-орынға қол жеткізді.

Фристайл-могулдың ережелеріне сәйкес екінші іріктеу кезеңінен өту үшін спортшылар алғашқы ондыққа ілігуі тиіс. Сонда ғана ол спортшы Олимпиаданың финалына өтуге мүмкіндік алады.

Сондай-ақ, бүгін Бейжің Олимпиадасында шаңғымен жарысудан ерлер арасындағы скиатлон (15 шақырым классикалық әдіс + 15 шақырым еркін әдіс) сайысының мықтылары анықталды.

Бұл додада жарысқа Қазақстан атынан екі шаңғышы қатысқан болатын. Қазақстандық Виталий Пухкалов төрт жыл бұрынғы нәтижесін қайталап, 32-ші орынға тұрақтады. Ол жеңімпаздан 7 минут 35 секундқа қалып қойған. Тағы бір спортшымыз Евгений Величко жарысты аяқтай алған жоқ.

Бүгін сонымен бірге Бейжің Олимпиадасында шаңғымен тұғырдан секіруден алғашқы іріктеу сайыстары өтті. Аталған сында Қазақстан намысын Данил Васильев пен Сергей Ткаченко қорғаған болатын.

Өкінішке қарай, екеуі де іріктеу сынынан ары аса алған жоқ. Бұл спорт түрі бойынша алғашқы іріктеуден үздік шыққан 30 спортшы ғана Финалға жолдама алады. Жарыс нәтижесінің қорытындысы бойынша қазақстандық Сергей Ткаченко 41-ші, ал Данил Васильев 46-шы орындарды місе тұтып, алғашқы 30 спортшының қатарына кіре алмады.


Соңғы жаңалықтар