Бейжің-2022: Шайбалы хоккейден плей-офф ойындары өткізілуде
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қытайдың Бейжің қаласында өтіп жатқан қысқы Олимпиада ойындарында шайбалы хоккейден плей-офф сатысында құрамалардың қарсыластары анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ерлер арасындағы бәсекеде барлығы 12 құрама үш топқа бөлініп бақ сынады. Олардың әрбірінен бірінші орын алғаны тікелей ширек финалға жолдама алды.
Жарыс ережесі бойынша қалғаны плей-офф сатысында сынға түседі. Бұл кезеңде 15 ақпанда Словакия мен Германия, Дания мен Латвия, Чехия мен Швейцария, Канада мен Қытай құрамалары тартысқа түседі.
Ал 16 ақпанда ширек финал сатысында АҚШ құрамасы Словакия/Германия, Финляндия Чехия/Швейцария, Ресей Дания/Латвия, Швеция Канада/Қытай жұптарының жеңімпазымен кездеседі.
Жартылай финал 18 ақпан белгіленген. Ал 3-орын үшін сайыс 19 ақпанда өткізілсе, 20 финалда финал болады.
Ал қыздарда барлығы 10 құрама екі топта шеберлік байқасты. А тобында рейтингі жоғары құрамалар бәсекеге түссе, В тобында рейтингі төмен құрамалар ширек финалдың қалған үш жолдамасын сарапқа салды. Нәтижесінде Канада, Швейцария, АҚШ, Финляндия жарысты жалғастыруға мүмкіндік алды.
Бүгін, 14 ақпанда жартылай финалда Канада мен Швейцария, АҚШ пен Финляндия қыздары өзара бәсекеге түседі. 3-орын 16 ақпанда өткізілсе, 17 ақпанға финал белгіленген.
Еске салсақ, 4 ақпанда Қысқы Олимпиада ойындары салтанатты түрде ашылды .
Айта кетейік, XXIV қысқы Олимпиада ойындарына Қазақстан құрамасынан барлығы 34 спортшы қатысуда. Олар 87 жолдама жеңіп алған болатын.