Бейжің әуежайында нөсер жауын салдарынан мыңнан астам рейс тоқтатылды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бейжіңнің бас әуежайы Шоудуда нөсер жауын мен найзағай салдарынан 1,2 мыңнан астам әуе рейстері тоқтатылды, деп хабарлайды ТАСС.
Әуежайдың электронды тақталарында көрсетілгендей, жергілікті уақыт бойынша 13:30-да тағы 481 рейстің уақыты кейінге шегерілді. Найзағай мен нөсерлі жауын Бейжіңде жұма күні кешке басталған. Өткен түн ішінде қалада орта есеппен 20 мм жаңбыр жайды. Ел астанасының жекелеген аудандарында бұл көрсеткіш 139 мм-ге жетті. Метеорологтардың болжауынша, қаладағы жауын-шашынды ауа райы кем дегенде апта соңына дейін жалғасады.