Бейжіңде Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған салтанатты қабылдау өтті

Онда ҚР-ның Қытайдағы уақытша сенімді өкілі Қазбек Сәрсембеков құттықтау сөз сөйледі. Өз сөзінде ол салыстырмалы түрде қысқа мерзімде тәуелсіздік алған сәттен бері Қазақстан күрделі жолдан өтіп, бүгінде халықаралық аренада лайықты орын алып отырғанын, экономиканы дамытып, ішкі тұрақтылықты сақтап отырғанын, кемелденген саяси жүйеге ие болғанын атап өтті.
Қ.Сәрсембеков 1994 жылы Қазақстан ядролық держава мәртебесінен өз еркімен бас тартқанын еске салып өтті. ҚР-ның бастамасы бойынша көптеген халықаралық және аймақтық форумдар өтті. 2010 жылы Қазақстан ЕҚЫҰ-ға ойдағыдай төрағалық етті, сондай-ақ Астанада саммит өткізді. Сол жылы Қазақстан Шанхай ынтымақтастық ұйымына төраға болды және ШЫҰ-ның 10 жылдық мерейтойлық саммитін өткізді. 2011 жылы ҚР Ислам ынтымақтастық ұйымына төрағалықты қабылдап алды.
«Биыл Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығы ҚР мен Қытай арасында дипломатиялық қатынастардың орнатылғанына 20 жыл толуымен тұспа-тұс келіп отыр. ҚХР Қазақстанның тәуелсіздігін алғашқы болып таныған елдердің бірі. Осы кезеңде екіжақты сауда айналымы 100 млн. доллардан 20 млрд. долларға дейін артты. 2011 жылғы маусымда тараптар жан-жақты стратегиялық әріптестіктің жаңа деңгейіне шығуға уағдаласты. Бұл екіжақты байланыстар бұрынғыдан да қарқынды дамитынын білдіреді», - деп атап көрсетті Қ.Сәрсембеков.
Қытай үкіметі атынан ҚХР сыртқы істер министрінің көмекшісі Лэ Юйчэн құттықтау сөз сөйледі. Ол 20 жыл бойы еңбекқор және дана қазақ халқы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен мемлекеттік құрылыста тамаша табыстарға жеткенін, дамудың даңғыл жолына түскенін атап өтті. Бүгінгі Қазақстанда саяси тұрақтылық, жоғары экономикалық даму, әлеуметтік келісім мен тыныштық салтанат құрып отырғанын атап өтті. Лэ Юйчэннің пікірінше, Қазақстан барған сайын халықаралық және аймақтық істерде маңызды рөл атқаруда. Қытай тарабы ұлттық құрылыс пен түлеу ісінде қазақ халқы жаңа табыстарға жететініне сенімін білдіреді.
«20 жыл ішінде қытай-қазақстан байланыстары орнықты және серпінді дамып келеді. Ұзақ мерзімді тұрақты қытай-қазақстан қатынастары екі ел мен оның халықтарының түбегейлі мүдделеріне сай келеді. Қытай тарабы Қазақстанмен байланыстарды дамытуға зор маңыз береді және тату көршілік, достық, ынтымақтастық жәе өзара сенім қатынастарын дамытуға және нығайтуға мүдделі», - деп атап көрсетті Лэ Юйчэн.
Қабылдау кезінде екіжақты қатынастарды дамытуға зор үлес қосқан Қытайдың Қазақстандағы бұрынғы елшілері Чжан Дэгуаньға, Чэнь И-ге, Яо Пэйшэнге және Чжоу Сяопэйге «Қазақстан Республикасы тәуелсіздігіне 20 жыл» мерекелік медальдарын тапсырды.
Салтанатты шараға Бейжіңде оқып жатқан қазақстандық студенттер қатысып, өз өнерлерін көрсетті. Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған қабылдауға елшілер және ҚХР-дағы шетелдік дипломатиялық өкілдіктердің қызметкерлері, көрнекті қоғамдық-саяси қайраткерлер және іскер топтар өкілдері қатысты.