Бейжіңде қазақстандық «Балалық шағымның аспаны» фильмі көрсетілді (ФОТО)

БЕЙЖІҢ. ҚазАқпарат - Қазақстанның Тұңғыш Президенті күні қарсаңында ҚХР-дағы ҚР Елшілігінде «Қазақстанның мемлекеттік символдары» мультипликациялық фильмі мен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бала кезіндегі өмірі туралы «Балалық шағымның аспаны» көркем фильмі көрсетілді.
None
None

Фильмдерді қазақстандық дипломаттардың және Бейжің қ. ұлттық компания өкілдерінің 6 жастан асқан балалары тамашалады.

«1 желтоқсан - Қазақстанның Тұңғыш Президенті күні. Тәуелсіздік алған соң Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ел тізгінін қолына алып, халықты бір шаңырақ астына біріктіріп, даму жолында үлкен жетістіктерге жету арқылы мемлекетті әлемге танытты», - деді фильмді көрсетер алдында сөз сөйлеген ҚХР-дағы ҚР Елшілігінің кеңесшісі Манарбек Қабазиев.

Фильмдерден кейін ҚазАқпарат тілшісі балалардан алған әсерлерін сұрап білді.

«Фильм өте қызықты, мұнда біздің Президентіміздің балалық шағы мен оның қиын жолы көрсетілген», - деді 15 жастағы Данияр Ешімбетов.

Еске сала кетейік, «Балалық шағымның аспаны» кинокартинасы 2013 жылдың сәуірінде Бейжіңдегі қазақстандық кино апталығын ашты. 2015 жылдың шілде-тамыз айларында Қытайдың орталық телеарнасында «Елбасы жолы» фильм-эпопеясының барлық бөлімі: «Балалық шағымның аспаны», «Отты өзен» және «Теміртау», «Тығырықтан жол тапқан» көрсетілді.

Соңғы жаңалықтар