Бейжіңде «Самұрық-Қазына» Қоры өкілдігінің кеңсесі ашылды

Салтанатты шарада сөз сөйлеген «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Қайрат Келімбетов, 2008 жылы қор құрылғалы бері көп жұмыстың атқарылғанын атап көрсетті. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Қытай Халық Республикасының Төрағасы Ху Цзиньтаоның арасында қол жеткізілген келісім үлкен жетістік болып табылады. Осы келісімнің аясында «Эксимбанк» пен Қытайдың Мемлекеттік даму банкі жалпы сомасы 10 миллиард АҚШ долларының екі несиелік желісін бөлген болатын.
«Қытайдың «Эксимбанкі» бөлген 5 миллиард АҚШ долларын «ҚазМұнайГаз» «МаңғыстауМұнайГаздың» акциялар пакетін сатып алуға арнады. Несиелік желінің 2 миллиард доллардан астамы «Батыс Қазақстан-Оңтүстік Қазақстан» газ құбырының құрылысын қаржыландыруға жұмсалды», деді Қ.Келімбетов өз сөзінде.
«Самұрық-Қазына» қоры қытайлық мемлекеттік компаниялармен және даму институттарымен табысты ынтымақтасып келеді, Қазақстанның аумағында мұнай химиясы, көмірсутек шикізатын өндіру, атом өнеркәсібі сияқты салалар бойынша бірқатар бірлескен инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда», деп атап көрсетті басқарма төрағасы.
Қазақстан мен Қытайдың арасындағы сауда-экономикалық қатынастарды дамыту мәселелеріне арналған баспасөз мәслихатында, Қ.Келімбетов жүзеге асырылып жатқан бірлескен жобалар мен қазақстан-қытай ынтымақтастығының келешек жобалары туралы әңгімелеп берді.
Атап айтқанда, Қытайдың Экспорттық-импорттық банкі (Эксимбанк) мен Қазақстанның Даму банкі энергетика саласындағы ынтымақтастық туралы 5 миллиард доллар сомаға негізгі келісімге қол қойды. «Бөлінген қаржы үш қазақстандық мұнай-өңдеу зауытын технологиялық жаңартуға жұмсалады, әр жобаның құны 1 миллиард доллардан кем болмайды. Ірі жобалардан сондай-ақ, Ақтөбедегі жаңа буын металлургиялық зауытының құрылысын айтып өтуге болады, бұл жоба 360 миллион долларға бағаланып отыр. Оған қоса, құны 100 -300 миллион доллардың тағы бірнеше жобасы бар, олар осы желіні түйіндейді», деп атап көрсетті Қ.Келімбетов өз сөзінде.
«Сондай-ақ, біз «Қазақмыс» компаниясымен бірлесіп, Қытайдың Мемлекеттік даму банкі бөлген 3 миллиард АҚШ долларының 2,7 миллиардын Павлодар облысындағы Бозшакөл кен-байыту комбинатының құрылысына жұмсауға келістік», деді қор басшысы.
«Самұрық-Қазына» Қоры сондай-ақ, Гуандун ядролық-энергетикалық корпорациясымен Қазақстанның жел-энергетикалық, күн және су ресурстарын бірлесіп пайдалану және игеру туралы келісімге отырды. «Қазақстан мен Қытай өздері мүше болып табылатын Шанхай ынтымақтастығы ұйымының аясындағы екіжақты жобаларға баса назар аударып отыр. Қазіргі таңда ШЫҰ аясында CITIC Kazyna Investment Fund I тікелей инвестициялардың қазақстан-қытай инвестициялық қоры құрылып отыр. Бұл қордың қызметі Қазақстан мен Қытайдың аумағында қуатты өсу әлеуетіне ие экономиканың шикізаттық емес секторларында инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асырушы компанияларды қаржыландыруға бағытталған», деп түйіндеді өз сөзін Қайрат Келімбетов.