Бейжіңде нөсер жауынға байланысты 82 мыңнан астам адам эвакуацияланды
АСТАНА. KAZINFORM — Дүйсенбі күні сағат 21:00-дегі жағдай бойынша Бейжің қаласының әртүрлі аудандарынан 82 мыңнан астам адам қауіпсіз жерге көшірілді. Бұл туралы қаладағы су тасқынына қарсы күрес штабы хабарлады, деп жазады Синьхуа.

Билік органдары 201 туристік аймақты, 3480 қонақүй мен 245 кемпинг аймағын уақытша жабуға шешім қабылдады. Сонымен қатар, қала бойынша 3200-ден астам құрылыс алаңының жұмысы тоқтатылды.
Дүйсенбі күні күндіз Бейжің метеорологиялық қызметі нөсер жауынның қатеріне байланысты ең жоғары – «қызыл» деңгейдегі ескерту жариялады. Бұл – Қытайдағы төрт деңгейлі дабыл жүйесінің ең жоғарысы. Синоптиктердің болжамынша, күшті жауын-шашын 4 тамыз күні түстен бастап 5 тамыз таңына дейін Бейжіңнің барлық бөлігінде байқалуы мүмкін.
Қалада су тасқынына қарсы ең жоғарғы деңгейдегі төтенше әрекет ету режимі де енгізілді.
Сонымен қатар, Бейжіңнің метеорологиялық қызметі мен су ресурстары басқармасы бірігіп су тасқыны қаупіне байланысты ескерту жариялады. Ең осал аудандар ретінде Миюнь ауданы аталды, сондай-ақ Фаншань, Мэньтоугоу және Хуайжоу аудандары да қауіп аймағында.
Тұрғындарға найзағай кезінде қауіпсіз жерге жасырыну, су басқан жолдармен жүрмеу және таулы немесе өзен маңындағы аймақтардан аулақ болу ескертілді.
Өткен аптада Бейжіңдегі күшті жауын салдарынан 44 адам қаза тапқан болатын. Табиғи апаттан 300 мыңнан астам адам зардап шексе, шамамен 24 мың тұрғын үй нысанына зақым келді.
Дүйсенбі күні ҚХР Су тасқыны мен құрғақшылықпен күрес жөніндегі мемлекеттік штабы Бейжің, орталық бағыныстағы Тяньцзинь қаласы, Хэбэй және Гуандун провинцияларындағы су тасқынына байланысты төтенше әрекет ету деңгейін үшінші деңгейге көтерді (бұл – Қытайдың төрт деңгейлі ұлттық жүйесіндегі үшінші маңыздылық деңгейі).
Болжамға сәйкес, аталған төрт өңірде 4 тамыз кешінен 5 тамызға дейін нөсер жауын жауып, кей жерлерде өте қатты жауын-шашын болады.
Хабарланғандай, қазіргі таңда Бейжің мен Хэбэй, Гуандун провинцияларында су тасқынына қарсы шараларды ұйымдастыруға көмек көрсету үшін арнайы жұмыс топтары жұмысын жалғастырып жатыр.
Осыдан бұрын Бейжің нөсер жаңбырға байланысты ең жоғары дабыл деңгейін жариялағанын жазған едік.