Безгек пен денге қызбасы тропикалық аймақтардан тыс жерлерде де тарала бастады

АСТАНА. KAZINFORM — Жаһандық жылыну маса және басқа да жәндіктер арқылы таралатын жұқпалы аурулардың географиясын өзгертіп жатыр. Бұрын негізінен тропикалық аймақтарға тән болған безгек, денге қызбасы, чикунгунья және Зика вирусы әлемнің өзге өңірлерінде де жиі тіркеле бастаған, деп хабарлайды Аnadolu.

Германияда маса арқылы тарайтын Синдбис вирусын жұқтырған адам анықталды
Фото: Pexels

Температураның көтерілуі жұқпалы ауруларды тарататын жәндіктердің салқындау өңірлер мен биік таулы аймақтарда да тіршілік етуіне қолайлы жағдай туғызады. Алайда аурулардың таралуына халықаралық сапарлар, урбанизация және жерді пайдалану тәсілдерінің өзгеруі де әсер етеді.

Мәселен, Франция, Италия және АҚШ-тың жекелеген штаттарында денге қызбасының жергілікті жерде жұғу жағдайлары тіркелген. Ал Шығыс Африкада теңіз деңгейінен биік орналасқан өңірлерде безгек тарала бастаған.

Nature журналында жарияланған зерттеуге сәйкес, егер аурумен күресудің қазіргі деңгейі сақталса, климаттың өзгеруі 2024–2050 жылдар аралығында Африкада безгектің қосымша 123 миллион жағдайына және осы аурудан тағы 532 мың адамның қайтыс болуына әкелуі мүмкін.

Ливерпуль университетінің профессоры Энди Морстың айтуынша, ауа температурасының көтерілуі мен қыстың жылы болуы масалардың қыстан аман шығуына және инфекция тарату маусымының ұзаруына ықпал етуі мүмкін.

— Қыстың жылы болуы маса сияқты кейбір ауру таратушылардың суық маусымнан аман шығып, тіршілігін жалғастыруына мүмкіндік береді, — деп түсіндірді сарапшы.

Дегенмен климат өзгерісінің салдары әр өңірде әртүрлі болуы мүмкін. Кейбір елдерде жұқпалы аурулардың таралу қаупі артса, басқа аймақтарда температураның шамадан тыс жоғарылауы ауру тарататын жәндіктердің тіршілігін шектеуі ықтимал.

Сарапшы эпидемиологиялық бақылауды күшейтіп, ауру таратушыларды тұрақты түрде қадағалап отырудың және маусымдық болжамдарды профилактикалық шараларды дер кезінде қабылдау үшін пайдаланудың маңызын атап өтті.

Еске сала кетейік, биыл Габон мен Вьетнамға барып келген алматылықтардан безгек ауруы анықталды.