БҒМ ата-аналарға балаларына «Спанч Боб» мультфильмін көруге тыйым салуды сұрайды
АСТАНА. ҚазАқпарат - БҒМ ата-аналарға балаларына «Спанч Боб» мультфильмін көруге тыйым салуды сұрайды. Бұл туралы бүгін орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Білім және ғылым министрлігінің Балалар құқығын қорғау комитетінің төрайымы Забира Оразалиева айтты.
«Шетелдік арналардан көрсетілетін мультфильмдер баланың психологиясына кері әсер етеді. Мәселен « Спанч Боб » мультфильмінде бас кейіпкер өз көршісін ұрып-соғады. Бала оны көріп, күледі, қуанады, сол көргендерін істегісі келіп, бұзақылыққа барады. Ал осы бұзақылық тәрбие бүлдіршіндердің санасына мықтап орнап алады. Бүгінде әр отбасыдағы ересектер баланы теледидардың алдына қаншама сағаттар бойы телміртіп қояды. Сондықтан біз баланың күні-түні теледидар алдында отырмауын, тәрбиесіне кері әсер ететін мультфильмдер көрмеуін қадағалауымыз қажет. Мұндай мультфильмдер баланың санасына адамдарды ұрып-соғуға, еш жазасыз бұзақылық жасауға болады деген сияқты қауіпті ойларды салады", деп атап өтті ол.