БҒМ мектеп оқулықтарымен қамтамасыз етудің қатаң регламентін қолданбақ
АСТАНА. ҚазАқпарат - Білім және ғылым министрлігі мектептерді оқулықпен және оқу-әдістемелік кешенмен қамтамсыз етудің қатаң регламентін ұсынады. Бұл туралы бүгін Парламент Мәжілісінде өткен Үкімет сағатында Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов мәлім етті.
«Біз осы бағытта ауқымды жұмыстар атқарған едік, жаздың соңына таман барлық облыстарды қосқанда 100 пайыздық қамтамсыз ету туралы хабарланған еді. Алайда, қыркүйектің басында проблемалар туындады, қазір арнайы комиссия барлығын анықтады», - деді министр. Оның айтуынша, бiлiм беру ұйымдарын оқулықтармен қамтамасыз ету процесiн біріздендіру мақсатында оқулықтар мен оқу-әдiстемелiк кешенді қамтудың қатаң регламентiн енгiзу қажет. Ал бұл бағыттағы жұмыс жыл бойы жүргізілмек.
«Соған сәйкес, 1 қаңтарға дейiн мектептер келесi оқу жылына оқулықтарға деген қажеттiлiктер бойынша толық ақпараттар ұсынуы тиiс. Бұл ретте аудандар мен қалалардың демографиялық көрсеткiштерi, мектепке баратын оқушылар саны мен оқып жатқандар туралы көрсеткiштер қатаң ескерiлуi шарт», - деді А. Сәрінжіпов. Бұдан бөлек, оның айтуынша, алдағы уақытта өңірлердегі бiлiм беру басқармалары тұрақты түрде қолданыстағы оқулықтар қорының инвентаризациясын жүргiзуге мiндеттi болады. Сосын, қолданыстан шыққан, ескірген оқу құралдарын тапсыру, олардың жаңа және ескiрген уақыттағы күйiне баға беру iсiн регламенттеу де ұсынылып отыр.
«Бұның аясында 10 қаңтарға дейiн министрлiк баспа орындары мен жергiлiктi атқарушы органдарға қолдануға кеңес берiлетiн оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешеннің тiзiмiн бекiтетiн болады. 1 ақпанға дейiн бiлiм басқармалары баспа орындарымен келiсiмшарт жасасады. Наурыз айының басында оқулықтарды мектепке жеткiзу бойынша конкурстар басталады, ал сәуiрде, заңнамаға сәйкес, сатып алу және жеткiзу поцедуралары аяқталуы тиiс. Осылайша, мамыр айында оқулықтар жеткiзiле бастаса, тамызда оқулықтар мектептерде толық қамтылуы шарт», - деді А. Сәрiнжiпов.