БҒМ: Мектеп оқулықтарын жеткізу мерзімін бұзған жергілікті атқарушы органдар жауапкершілікке тартылады
«Жекелеген өңірлерде қаржыландырудың кешіктірілуіне орай, мектептерді оқулықпен толық қамтамасыз ету мәселесінде біршама тәуекелдер әлі де сақталуда. Осыған орай, Білім және ғылым министрлігі осы мәселемен айналысатын жергілікті атқарушы органдардың жауапкершілігі болатынын тағы да еске салады. Біз бұл шаруаны ұдайы бақылауда ұстайтын боламыз. Әрбір онкүндік сайын біз жергілікті атқарушы билік ұсынатын есептік ақпараттық материалдар арқылы ғана емес, білім және ғылым саласындағы бақылау жөніндегі департаменттер арқылы жағдайға мониторинг жасаймыз. Ондай департаменттер біздің барлық облыстарымызда бар», - деді Саят Нүсіпов.
Еске сала кетсек, министрліктің мәліметтеріне қарағанда, бүгінгі күні Астана және Алматы қалаларындағы мектептерге оқу құралдарының 98 пайызы жеткiзiлген болса, кейбір өңірлерде жағдай төмен. Мәселен, Қостанай облысында оқулық жеткізу - 12,5 пайыз, Ақтөбе облысы - 18 пайыз, Шығыс Қазақстан облысы -12, Маңғыстау облысы -38 пайыз, Қызылорда облысы -18 пайызды құрап отыр.