Би арқылы жастардың бойына адамгершілік құндылықтарды сіңіруге болады
«Вайнах» шешен-ингуш этномәдени орталығының құрылғанына биыл 30 жыл толады. Орталықтың жұмысы этносаралық келісімді нығайтуға, мәдениет пен тілді сақтауға және дамытуға негізделген.
«Вайнах» ансамблі ән айтып, билеу арқылы өз халқының салт-дәстүрін дәріптейді.
«Биыл біздің орталықтың ашылғанына 30 жыл болады. Коронавирус індеті болмағанда осы мерейтойға орай үлкен концерт ұйымдастыратын едік. Орталық құрылғаннан кейін арада бірнеше жыл өткенде біздің ансамбль ұйымдастырылды. Осы ансамбльде жұмыс істеп жатқаныма 7 жыл болды», - дейді Ханифа Мұратқызы.
Ол этномәдени орталыққа кездейсоқ келген. Ұзақ жылдар бойы мектепте математика пәнінен сабақ берген ол балаларды жақсы көретінін және оларға жаңа нәрсе үйретуді парыз санайтынын айтты.
«Балаларымды осы орталыққа ингуш тілін үйренсін деп алып келгенмін. Үйде ингуш тілінде сөйлесеміз, бірақ мен олардың грамматикасы да жақсы болғанын қаладым. Осылайша өзім де үлкен ұжымның мүшесі атандым. Ансамбльге басшы керек болған кезде мені шақырды. Бұл менің екінші отбасыма айналып кетті», - дейді ансамбльдің көркемдік жетекшісі.
Оның айтуынша, соңғы жылдары ансамбль құрамында 80 адам болған, қазір 50 адам ғана қалған.
«50 адам – ансамбльдің негізгі бөлігі. Олармен бірге шығармашылықпен айналысуға, кез келген істі бастағанда сенім артуға болады», - дейді ол.
Балалар 18 жасқа дейін ансамбль құрамында билеп, ары қарай өмірдің әр саласынан өз жолдарын іздеп кетеді. Ансамбльдің көркемдік жетекшісі ансамбльдің жаңа мүшелерін қабылдап, тәрбиелеп шығарады.
«Біз ең алдымен балаларды мейірімге үйретеміз. Өзара түсіністік болған жерде ғана бастаған істі соңына дейін жеткізуге болады. Ансамбль құрамына келген балаларды бірлікке үйретеміз, себебі олар жеке дара емес, ұжым құрамында өнер көрсетеді. Олар қай жерде бір-біріне жол беріп, қай жерде иық тіресіп тұру керек екенін білмесе, жақсы би шықпайды. Біздің балалар ән салады, би де билейді және аккордеон секілді аспапта ойнай алады. Кейде өздері әңгіме-дүкен құрып, ингуш мәдениетін сіңіреді. Кез келген бала би машығын біле бермейді, бірақ бұл біздің орталыққа мүше болуға кедергі емес. Бұл жерден жақсы дос тауып, жақсы орта қалыптастыруға болады», - дейді ансамбльдің көркемдік жетекшісі.
Ханифа Мациеваның айтуынша, Кавказ халқының биі әдемі әрі кең мағынаны қамтиды. Би арқылы адам бойына адамгершілік құндылықтарын сіңіруге болады.
«Лезгинка биіне назар аударғым келеді. Бұл биді су жағасында да, тойларда да билейді, бірақ шын мәнінде лезгинка биінің тарихы тереңде жатыр. Біздің түсінігімізде би деген – бозбала мен бойжеткеннің арасындағы диалог, сөйлесу құралы. Ер адам бидеген кезде оның физикалық дайындығына, күш-қуатына мән береміз. Тарихқа терең бойласақ, әлдебір қақтығыс, соғыс алдында адамдарды рухтандыру үшін ер адамдарды билеткен. Би қимылдарынан садақ тартып, қылыштасу әрекеттерін байқауға болады. Би арқылы адамгершілік құндылықтарды, ержүректілікті насихаттауға, дәріптеуге болады. Мысалы, билеген кезде ер бала қыз баланың қолынан ұстауына болмайды, ал қыз бала ер баланың көзіне тік қарауына болмайды. Мен би мәдениетінің сақталғанын қалаймын. Билемес бұрын ұлт мәдениетін терең зерттеп-білу қажет», - дейді Ханифа Мұратқызы.
Ансамбльдің жетістіктері мен марапаттары аз емес. Олар мәдениетін Қазақстан аумағында ғана емес, шетелде де дәріптейді.
«Біз гастрольдік сапарға жиі шығамыз. Болгарияға барып, халықаралық фестиваль-байқауға қатысып келдік. Сондай-ақ, «Қазақстан раушандары», «Ресей раушандары» фестиваль-байқауында өнер көрсеттік. Үш байқауда да біз бас жүлдені жеңіп алдық. Бұл - өте жақсы жетістік. Біздің қарсыластарымыз мықты болды, сондықтан бас жүлде иеленгенімізді жариялаған кезде өз құлағымызға өзіміз сенбедік. Сахнада тұрып, көз жасымызға ерік бердік. Байқауға үлкен және кіші топтың қатысуымен 4 түрлі би дайындадық», - дейді ол.
Биыл осы ансамбль Болгарияға баруды жоспарлаған. Бұл жолы байқауға емес, жеңімпаздар қатысатын фестивальге баруы керек еді.
«Биыл коронавирус індетіне байланысты елден шыққан жоқпыз. Келесі жылы міндетті түрде барамыз деп ойлаймын. Біз еркіндікті жақсы көреміз. Адам рухани деңгейде де азат болуы керек», - дейді Ханифа Мациева.
«Вайнах» этномәдени орталығы қайырымдылық жасаумен де айналысады.
«Қайырымдылық - біздің қанымызда бар дүние. Тіпті қолында ештеңесі жоқ адамның өзі қайырымдылық жасаумен айналысады. Біздің орталық та әлеуметтік әлсіз топтарға көмектесуге көп назар аударады», - дейді ол.
Ансамбльге ұлттық болмысын, мәдениетін сақтап қалғысы келетін қайырымды адамдар көмектеседі. Ханифа Мациева ансамбльге барлық жағдайды жасап отырған демеушіге алғыс айтты.
«Жақында Грузиядан сахналық костюмдер алдырамыз. Оның ақшасын да осы демеуші төледі. Ол - өз мәдениетінің дамуына үлес қосып жүрген өте мейірімді, қарапайым адам», - дейді ол.
Ханифа Мұратқызының өзі де қоғамдық жұмыстарға атсалысып, балаларды қайрымдылық жасауға баулып жүр.
«Аналар кеңесінің мүшесімін. Ансамбльден бөлек қоғамдық жұмыстарға араласамын. Қарағанды балалар үйі біздің патронатымызда. Балаларымыз бақытты болғанын, ата-анасы оларды жақсы көргенін қалаймыз. Жақсы көру – қымбат зат сатып алып беру емес, жақсы көру – көңіл бөлу. Сонда ғана бала мейірімді, қайырымды болып өседі», - дейді ансамбльдің көркемдік жетекшісі.
Ол биыл Қазақстан халқы ассамблеясының 25 жылдығына орай мерекелік төсбелгімен марапатталған. Ханифа ханымның айтуынша, ассамблея бейбітшілік деген сөзге саяды.
«Марапаттаған кезде көңілің көтеріліп қалады, бірақ ыңғайсызданып қалады екенсің. Өзгелерге қол ұшын созу қалыпты әдетке айналуы керек. Біз өзімізбен бірге ештеңені алып кетпейміз, бәрі ұрпағымызға қалады», - дейді ол.
Ханифа Мұратқызы - Қазақстанға жер аударылғандардың ұрпағы. Оның әкесі Қазақстанда өмір бойы құрылысшы болып еңбек еткен.
«Менің ата-анамды осы жаққа жер аударған. Әкем өмір бойы құрылысшы болған. Ол үш мәрте еңбек ардагері атанған. Біз осы жақта туып-өстік, Отанымыз да осы жақ. Отанымыз – Қазақстан, ал тарихи отанымыз – ата-бабамыз тұрған жер. Менің ұлым Кавказға барып көрмеген, таудың не екенін білмейтін кішкентай кезінде өнер мектебіне барып, таулардың суретін салатын. «Өз үйім – өлең төсегім» деген жақсы сөз бар. Қазақстан – жанымыз жай табатын өз үйіміз», - дейді Ханифа Мациева.