Бибарыс Әшірбай жасөспірімдер Олимпиадасының финалына шықты
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық боксшы Бибарыс Әшірбай Дакарда (Сенегал) өтіп жатқан жазғы жасөспірімдер Олимпиадасының жартылай финалында жеңіске жетті.
Отандасымыз 70 келіге дейінгі салмақта мексикалық Хорхе Луис Ньеблас Гутьерреспен жұдырықтасты.
ҚР ҰОК мәліметінше, үш раундтың қорытындысы бойынша қазақстандық боксшы төрешілердің шешімімен 5:0 есебімен басым түсті.
Осылайша Бибарыс Әшірбай Олимпиада ойындарының алтын медалі үшін бақ сынайды. Оның финалдағы қарсыласы кейінірек анықталады.
Айта кетейік, бұған дейін Ақнұр Тұрсынғали (57 келі) ақтық сынға өткен еді.
Сонымен қатар Любовь Юн жасөспірімдер Олимпиадасының ширек финалына шықты.