Бибігүл Аққожина Сенат депутаты ретінде ант берді

Бүгін Сенаттың жалпы отырысында Бибігүл Аққожина депутат ретінде ант берді, деп хабарлайды Kazinform.

Бибігүл Аққожина
Фото: gov.kz

«Қазақстан халқына адал қызмет етуге, Қазақстанның тұтастығы мен тәуелсіздігін нығайтуға, оның Конституциясы мен заңдарына қатаң бағынуға, депутаттың өзіме жүктелген мәртебелі міндеттерін адал атқаруға ант етемін», – деді Б. Аққожина.

Сонымен қатар, отырыс барысында депутат Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитеті құрамына сайланды.

Еске салсақ, 26 желтоқсанда Орталық сайлау комиссиясының «Қостанай облысынан Парламент Сенатының шығып қалған депутатының орнына 2023 жылғы 20 желтоқсанда сайланған депутатты тіркеу туралы» қаулысын қабылдау бойынша отырысы өтті.

Осы орайда Бибігүл Бүркітқызы Аққожина Сенат депутаты ретінде тіркелді.

Б. Бүркітқызы 1971 жылғы 20 қаңтарда Қостанай облысында дүниеге келген. Еңбек жолын Қостанай мемлекеттік университетінде психология оқытушысы ретінде бастады, жоғары білімін де осы жерден алды.

2021 жылы Nur Otan партиясы (қазіргі Amanat партиясы) Қостанай облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары қызметіне тағайындалды. 2022 жылдың желтоқсан айынан осы уақытқа дейін Amanat партиясы Қостанай облыстық филиалының төрайымы қызметінде болды.