«Бибігүл» қазақ халық аспаптар оркестрі Қазан қаласында өнер көрсетті

аспаптар оркестрі
Фото: Абай облысының әкімдігі

АСТАНА. KAZINFORM — Бұл мәдени шара Қазақстан мен Татарстан халықтары арасындағы ұзақ мерзімді байланыстарды нығайтуға, ортақ рухани мұраны сақтауға және дәріптеуге бағытталған, деп хабарлайды Абай облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.

Абай облысының мәдени күндері аясында Ғалиасқар Камал атындағы Татар мемлекеттік академиялық театрында Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Нұрлан Төкейдің жетекшілігімен Әміре Қашаубаев атындағы мемлекеттік филармониясының «Бибігүл» қазақ халық аспаптар оркестрінің мерекелік концерті өтті.

Концертті Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев, Татарстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары Василь Шайхразиев, Қазақстан Республикасының Қазан қаласындағы Бас консулы Ерлан Ысқақов тамашалады.

Концерттік бағдарлама аясында Латиф Хамиди, Ахмет Жұбанов, Евгений Брусиловский және Нұрғиса Тілендиев сынды танымал композиторлардың шығармалары орындалды. Оркестр «Абай» операсынан арияларды, сондай-ақ қазақ және татар халқының мәдениетін бейнелейтін халық билері мен композицияларды жұртшылық назарына ұсынды.

ән айту
Фото: Абай облысының әкімдігі

Көрермендер оркестрден бөлек екі халықтың мәдени бірлігін айшықтайтын «Тұмар» халық би ансамблі бишілерінің өнерін тамашалады. Концерттік бағдарлама аясында Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткерлері Ерлан Рысқали мен Мапруза Утуленова, сондай-ақ еліміздің Мәдениет саласының үздігі атанған солистер көпшілікті өнерімен тәнті етті.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Қазақ музыка өнерінің қарашаңырағы — Құрманғазы оркестріне биыл 90 жыл толды.

Соңғы жаңалықтар
telegram