Бибігүл Төлегенова: Димаштың менен жасы кіші болғанымен жолы үлкен

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін қазақтың «қарлығаш көмей» әншісі Бибігүл Төлегенова 95-жасқа толып отыр. Мерейтой алдында әншінің өзімен сұхбат құрудың сәті түскен. Соны ықшамдап оқырман назарына ұсынып отырмыз.

Бибігүл Тқлегенова
Фото: ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі

- Сұрағыңды қоя жатарсың. Ең әуелі мен халқыма мың да бір рахметімді айтамын. Әлі күнге мен 95 жасқа келсем де әнші қызымыз деп бағалайды. Соған қарағанда халықтың сүйіспеншілігін ешбір атақпен, ешбір ақшамен сатып ала алмайсың. 

Төлегенова
Фото: Александр Павский/Kazinform

- Осы жасқа келсеңіз де тыным көрмей ел аралап жүргеніңізді халықтың сол құрметіне деген ізетіңіз десек болады ғой ?

- 17 қарашадан бастап мерейтой концерттерім өтіп жатқанын білесіз. «Астана операның» бастамасын Алматыдағы филармония жалғап әкетті. Бәріне шүкір деп отырмын. Қанша айтқанмен қазір өзім ән айта алмаймын. Бірақ мұнда менің шәкірттерім, лауреаттарым бар. Солар шығып менің репертуарымнан ән айтады.

Кейінгі күндері кестеміз тым тығыз болып кетті. 95 жастағы кемпірге, әрине, қиын. Бұрын үлкен адамдар жер үй керек деп отырғанда түсінбейтінмін. Енді түсініп жатырмын. Кіріп-шығып жүргісі келеді екен. Мен кей кезде үйден жарты айлап шықпаймын. Өйткені омыртқам екі жерден сынып, қос таяққа, коляскаға мәжбүр болып қалдым. Енді қайтесің... Өмір деген сол. Бірақ та осының өзіне де Аллаға мың шүкір деп отырамын.

- Туған күніңізді биыл Астанада қарсы аласыз ба ?

- Астанада концерт өткізгеннен кейін бірден Алматыға кетеміз. 16 желтоқсан - тәуелсіздік күні. Сондықтан мен үйде отырамын. Былтыр күндізгі сағат оннан бастап түнгі сағат он бірге дейін құттықтап келушілер үзілген жоқ. Соған қарағанда мен шынында бақытты адам екенмін ғой деп ойлаймын. 

Бибігүл Төлегенова
Фото: Александр Павский/Kazinform

Бүгін бір топ бизнесмен жиналып ашқан Бибігүл Төлегенова атындағы креативті мектепке тағы бардым. Сол мектепке әр барған сайын бір қызыққа тап боламын. Кеше қарасам, ашылған төрт айдың ішінде бірсыпыра жұмыс істеліпті. Оқу кабинеттерінен бастап асханасына дейін аралап шықтым. Түрлі халықтың тағамы беріледі екен. Біздің заманымызда қалай болды? «Бәрі фронт үшін» деп аш-жалаңаш еңбек еттік қой. Сол қиындықтар текке кетпегеніне тәубе деймін.

- Сіздің осынша жасқа келіп тың отырғаныңыздың, санаңыздың сергек отырғанының құпиясы неде? Бәлкім даусыңызды сақтау үшін қатаң режим ұстанған шығарсыз ? 

- Мен режим сақтадым деп мақтана алмаймын. Бірақ қазір жасым ұлғайғандықтан режимге бағынамын. Майлы, тұзды, жылы тамақ жемеймін. Бала-шағаның алдында масыл болмай, өзің де қиналмай өмір сүрген дұрыс қой. Жас кезімде әжем айтатын «Иә, Алла тағалам, маған аз ауру, аса төзім бер», - деп отыратын. Қазір ойлап отырсам, «Мені алатын болсаң, қинамай ғана алып кет. Ешкімге масыл қылмай, өзімді де қинамай ал», - дегені екен ғой. Бірақ та, құдайға шүкір, қолымнан келгенше қос қолымды қусырып отырмаймын. Әлі консерваторияда консультант болып жұмыс істеймін. Содан кейін екі жылда бір конкурс өткіземіз. Жаңағы айтқан мектеп менің атымда болғаннан кейін жауапкершілікті сезініп, тыныс-тіршілігін бақылап отыруға тырысамын. Сол мектепті ашып, оған менің атымды беріп жүрген бизнесмен жігіттерге рахмет.

Дрон дегенді естігенде жүрегім селк ете түсетін. Өйткені Украина мен Ресей бір-біріне дронмен бомба тастағанын жаңалықтардан күнде оқимыз ғой. Мына жерде сол дронмен 11-12 жастағы балалар футбол ойнап отыр. Соларды тамашалап жарты сағаттай отырып қалыппын. Бірі Қарағандыдан, бірі Астананың өзінен, тағы бірі Қостанайдан, төртіншісі Оралдан келіпті. Менің екі шөберем де сонда оқиды. Солардың балалық шағы біздікіне ұқсамағанына шүкір етемін.

- 95 жасқа келгенде өмірден не түйдіңіз? Қазіргі заманның беталысына көңіліңіз тола ма? Неге алаңдайсыз? Неге сүйінесіз ?

- Мен саясаттан алыс адаммын, мәдениет адамымын. Осы 95 жасқа заманның талай құбылғанын, қиындықтың түр-түрін көріп жеткендіктен осы күнге мың да бір рахмет деп қана айта аламын.

- Онда сұрағымды мәдениетке жақындатып қояйын. Қазіргі қазақ ән өнерінің бет алысы туралы не айтасыз? Қазақ сахнасында жүрген ізбасарларыңыз аға буын салып кеткен өнер жолын қаншалықты лайықты жалғастырып жатыр деп ойлайсыз?

- Мен, біріншіден, Димаш Құдайбергенге мың да бір рахмет айтамын. Бүкіл жер жүзін аузына қаратқан, қазақ үніне телмірткен адамға бас июіміз керек. Жас болса да бізден жолы үлкен. Ешбір әншіміз дәл ондай жетістікке жетіп көрген жоқ. Өйткені Димаштың өзінің харизмасы бар. Сахнаға шыққанда өте бір қуатты энергиясы бар. Ол айтатын әндердің мәнін түсіну үшін табынушылары қазақтың тілін үйреніп жатыр. Соның өзі үлкен дәреже ғой.

Бірде маған бір өзің сияқты тілші келіп Қайрат Нұртас деген әнші мен Димаштың қайсысы шын өнерпаз деген сұрақ қойды. Мен оған Димаш әнші, ал Қайрат сияқтылар орындаушы екенін айттым. Журналист Димашты санаулы адам тыңдайтынын, ал Қайрат Нұртастың әніне бүкіл жастар билейтінін айтып қарсы уәж келтірді. Димаш пен эстрадада жүрген Қайраттардың арасы жер мен көктей дедім. Димаш – көкте, Қайрат сияқтылар жерде.

- 95 жыл ғұмырыңызда талай ұлы адамдармен дәмдес болдыңыз ғой. Өнердің айналасындағы ұлы тұлғалардың ішінде кімдер сіздің әншілік жолыңызға өз ықпалын тигізді?

- Оның бәрін жөпелдемеде еске түсіру қиын ғой. Мысалы, мен Нұрғисаның бірнеше әнін алғаш сахнаға алып шықтым. Мен 1954 жылы консерваторияны бітіріп, театрға келгенде екі жылдай бірге жұмыс істедік. Кейін он бес жылдай филармонияда жұмыс істедім. Ауыл-ауылды аралап, ел ішінде өнер көрсеттік. Кейбір әріптестерім сол үшін мені «колхоз әншісі» деп келеке ететін. Ол кезде айту ойыма келген жоқ. Қазір ойласам, мен ауылдағы қалың қазақтың рухани танымын, мәдениетін көтеруге жұмыс істеппін. Сол ауыл қазір де бәрімізді асырап отыр.

Нұрғиса туралы айтайын дегенім, 15 жылдан дейін мені қайта театрға тартты. Бармаймын дегеніме қоймады. Сөйтсем, театрға академиялық мәртебе беру үшін ұжымда кемінде бір КСРО-ның халық әртісі болу керек екен. 

Төлегенова
Фото: Александр Павский/Kazinform

Есесіне кезінде қолым жетпей қалған қыз Жібектің образын сахнаға әнмен алып шықтым. 1954 жылы театрға келген кезде Күләш апайдың бар кезі еді. Мен орыс арасында өскендіктен, әуелгі түр-сипатым мен тілім де нағыз қазақи болып көрінбесе керек, кейін дайын болған кезде өзім айтқызамын деп келісім бермеген. Сол кісінің кеңесімен «Қарлығашты» айтып жүрдім. Нұрғиса екінші рет театрға шақырғанда қыз Жібекке қолым жетті. Спектакль екі күн болды. Сол екі күнде де Нұрғисаның өзі бас дирижер болды.

- Орыс арасында өстім деп отырсыз ғой. Сізді Шығыстағы Катонқарағайдың жұрты біздің өлкеде өскен еді деп отырады. Сол кезең туралы бұрын айтылмаған естеліктеріңіз бар ма? Әкеңіз Ахмет алаш арыстарымен байланысы болғаны үшін ұсталған дейтін аңыздар бар. Ол жағынан хабарыңыз бар ма ?

- Біздің шын фамилиямыз Байғоныс болу керек екен. Менің әкем ашаршылық жылы әке мен шешеден бірдей жетім қалады. Негізі Абырайлының қазағы еді. Кейін атом бомбасы жарылып, ту-талақайы шыққан жер ғой. Жетім қалған соң інісімен бірге Семейдегі туыстарға барады. Байғоныстардың оларды қабылдайтын жағдайы болмаса керек, «Нәби ағаңа бар» деп жөн сілтейді.

- Нәби деген кісінің қандай туыстығы болған?

- Соны бүгінге дейін анықтай алмай келеміз. Бәлкім құдандалы адам ба, білмеймін. Ана кісі қос жетімді жылап қарсы алады. Нұржан дейтін башқұрт әйелі болатын, екеуі 1904 жылғы әкем мен 1907 жылғы інісін асырайды. Әкем шәйші Ғали деген байдың үйінде самауыр қайнатып жұмыс істейді. Қолы босаса, соның қорасын сыпырады. Сөйтіп күнелтеді.

Әкем Мұхаммедахмет 11-ге толғанда сондағы Мусин деген байдан қалған фабрикаға жүк тиеушінің көмекшісі болып жұмысқа тұрады. Інісі Мұхаммедкерім әлі кішкентей екен.

Кейін әкем сол жерден өртке қарсы күзет қызметіне ауысады. Онда да еңбегімен көзге түсіп, күзет бастығы болады. Содан кейін аудандық комитет ауылдарға инструктор етіп тағайындайды. Әкеміздің қызмет бабымен Бесқарағайда тұрғанымыз есімде. Кейін әкем қалалық атқару комитетінде инструктор болып жүргенде Алматыға екі жылдық оқуға жіберді. Сол жақтан Катонқарағай ауданының атқару комитеті хатшысының орынбасары етіп жолдама береді. Бірақ біз Катонқарағайға әкемнен бұрын барып қоныстандық. Ол Алматыдан тікелей келді. Ол жерде Герасимов деген бірінші хатшы болды. Әкем екінші болды, қашан да астында қара арғымағы, қалтасында наганы болатын. Сол арғымағына мініп шекараны шарлап кететін.

Қыркүйекте ол мені қолымнан жетектеп мектепке апарды. Ал қазан айында «халық жауы» ретінде ұсталды. Төрт милиционер келіп, үйді тінтті. Іссапарға кеттім деген әкем содан оралған жоқ.

Шешем жеті баламен қалды. Бір сіңлім қызылшадан қайтыс болды. Тағы бір сіңлім 1943 жылы өмірден өтті.

Әкемнің Алашордамен байланысы туралы ештеңе білмеймін. Ол ұсталған кезде жас болды ғой. Байланысы болды-ау деп ойламаймын. Кейін құжат толтырғанда әкемнің 1937 жылы ұсталып кеткеннен оралмағанын ашық жазып жүрдім. Соның кесірінен капиталистік елдерге гастрольге шығармайтын. Р.Бағланова, Р.Жамановалар балалар үйінде өстік деп жазады екен. Олардың жолы ашық болды. 1958 жылы әкем ақталды. Содан кейін де 10 жыл бойы социалистік елдерге ғана шығып жүрдім. Ақыры 1967 жылы бірінші рет мені Египетке жіберді. Одан кейін Канадаға жолым түсті дегендей...

Ал анам қатал адам болды. Қолында белбеу немесе тобылғы жүретін. Тыңдамасаң, аяқтан осатын. Бірақ ол үшін анамызға ренжіп көрген жоқпыз. Ол кезде бәрі солай тәрбиелейтін.

Анама көмектесу үшін алтыншы сыныптан бастап кешкі мектепке ауыстым. Семей ет комбинатында жұмыс істей жүріп жетінші сыныпты орысша бітірдім. Орыстардың ішінде өстім деп отырғаным сол.

- Әншілік кімнен дарыды деп ойлайсыз ? 

- Сізге әкем туралы айтайын дегенім, менің әкемнің даусы өте жақсы болды. Домбыра мен скрипканы жақсы тартты. Шәйші Ғалидің қолында жүргенде баласының скрипка тартқанына қызыға қарайды екен. Байдың баласы мойнына скрипка қыстырғанда әкем самаурын жағатын ағашты скрипка етіп еліктейді екен. Соны көрген шәйші Ғали әкеме бір жәрмеңкеден скрипка әкеп береді. Ол кісі де шала қазақтығына қарамастан аса бір көрнекті, салиқалы адам болғанға ұқсайды. Әкем ол скрипканы қасынан тастамайтын. Мен 1948 Алматыға кеткенше үйде тұратын. Кейін таппай қалдық.

Менің анам ноғай болды ғой. Әкем әлгі скрипкамен ноғайдың күйлерін жақсы ойнайтын. Ал анам қазақ әндерін керемет орындайтын. Әншілік маған екеуінен де дарыған шығар. Кейін қазақ операларын үйренген кезде қазақ әндерінің сарынын бірден тани қоятынмын. Өйткені анам қазақтың көп әнін жатқа білетін. 

Ал әкемнің аузынан тастамайтын бір әні болды. Кейін мәдениеттанушылардан да, дәстүрлі әншілерден де сұрап, таба алмай қойдым. Әлі күнге дейін үні құлағымда. Тек қайырмасының мәтіні ғана есімде қалыпты.

- Аққу едім көлдегі

- Сұңқар едім шөлдегі

- Амалым бар ма,

- Әттең тәңірім, ахоу

- Шөлдедім, - деп келетін.

Қандай ән екенін ешкім айта алмай қойды.

- Бәлкім өз шығарған ән шығар?

- Қазақтың халық әні деп ойлаймын. Тек бізге

жетпей қалған. Біреулер алашордашылардың гимні болуы мүмкін деген болжам айтты. Кім білсін...

- Жалпы өзіңіз қазір ән тыңдайсыз ба? Тыңдасаңыз кімдерді тыңдайсыз?

- Менің аңсайтыным сол халық әндері ғой. Қазір домбырамен айтатындар да азайды. Көбі қыртың-тыртың. Ерлі-зайыпты болып ән айту сәнге айналыпты. Тыңдасам, таңғалам. Бәрі бір-бірінің аузына түкіріп қойғандай. Ерекшелік жоқ. Жалғыз Майра Ілиясоваға рахмет. «Сағындырған әндер» деп ескі әндерді жаңғыртып жүр. Ал қазіргінің көбі ән емес, тақпақ қой.

- Өз бала-шағаңыздың ішінде жолыңызды қуған ұрпақ бар ма?

- Құдайға шүкір мына сары қызым бар. Екі қызым, бір ұлым болды. Кіші қызым 2007 жылы жүректен кетті. Жалғыз қызым қалды. Өзі шешеме тартқан. Ұлымның белі ауырып, екінші топтағы мүгедектігі бар. Сол ұлымның Малика деген бір қызы бар. Сол Малика Төлегенова «Астана Операда» директордың халықаралық байланыс жөніндегі орынбасары. Жуықта Біріккен Араб әмірліктеріне әйгілі «Щелкунчикті» апарып қояды. Былтыр өздері сұранып барып еді, биыл арабтар шақырыпты. 

Бибігүл Төлегенова
Фото: Александр Павский/Kazinform

Екі шөберем Бибігүл Төлеген атындағы креативті мектепте оқып жатқанын айттым. Бір шөбереме әкемнің атын қойғанбыз. Сол Ахмет домбыраны жақсы көреді. Кезінде Қаршыға Ахмедияров өзінің коллекциялық домбырасын сыйлаған. Соны осы шөбереме әкеп бердім. Скрипканы да үйреніп жүр екен. Әкем сияқты азамат бола ма деп үміттенемін. Дауысы да керемет.

- Елге айтар қанда тілегіңіз бар?

- Қазір менімен замандас адам қалмай барады. Менен кейінгі деген Асанәлінің өзі 88-ге келіпті. Шешем айтатын, «Қартайған соң отыруың молда сияқты, ақырғаның шайтан сияқты болады», - дейтін. Соның бәрін халықтың ықыласы, жылы лебізі жеңілдетіп кетеді. Осындай ілтипатшыл халық аман болсын.

Соңғы жаңалықтар