Бибігүл Төлегенованы Air Astana әуе компаниясы ұшағына неліктен бірден кіргізбеген
АСТАНА. KAZINFORM – Air Astana компаниясы халық әртісі Бибігүл Төлегеновамен болған жайтқа қатысты түсініктеме берді.

Әлеуметтік желі қолданушысы Лека Савельева Air Astana әуе компаниясының президенті Питер Фостерге ашық хат жазған. https://www.facebook.com/share/p/bA2A8zBicParVy1E/ Оның мұзмұнына қарасақ, компания қызметкерлері халық әртісі Бибігүл Төлегенованы ұшаққа дереу отырғызбаған және дөрекілік танытқан.
«Air Astana әуе компаниясы үшін қауіпсіздік басты басымдық. Халықаралық авиациялық қауіпсіздік ережелеріне сәйкес, қимыл қозғалысы шектеулі жолаушылар бортқа отырғызудың басында немесе соңында шақырылады. Бұл ереже барлық жолаушыны отырғызу үшін қолайлы әрі терминалдан эвакуациялау тәртібімен байланысты», - деп түсіндірген әуе компаниядан.
Компанияның түсіндіруінше, халық әртісі Бибігүл Төлегенова қызымен ұшаққа жолаушыларды отырғызу басталғанда келген, сондықтан әуе қызметкері әртістен жолаушыларды отырғызудың аяқталуын күтуді өтінген.
«Әуе компания түсініспеушілік жағдайға өкініш танытады және қызмет көрсету сапасын арттыру мақсатында аталған жағдай бойынша қосымша тексеру жүргізіледі», - дейді Air Astana-дан.
Айта кетсек, болған жайтқа қатысты Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева пікір білдірді.
«Қазақстанның және КСРО-ның халық әртісі, аты аңызға айналған әнші Бибігүл Төлегенованы Air Astana әуе компаниясының бортына отырғызу кезінде болған өте ыңғайсыз жағдай мені де қатты алаңдатты. Әуе компаниясы бұл мәселеге қатысты түсініктеме беріп, әуе қауіпсіздігінің халықаралық ережелері еске салды. Әрине, ұшақтың және жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған ережелер қатаң сақталуға тиіс», - деп жазды министр Facebook парақшасында.
Министрдің пікірінше, әуе компаниясы мен оның қызметкерлері ішкі нұсқаулықтардан бөлек, қарапайым этиканы, адами қарым-қатынасты сақтап, өз клиенттеріне құрметпен қарауы керек.
«Әсіресе, жасы үлкен жолаушыларға, Отан алдында айрықша еңбегі бар адамдарға ерекше құрмет көрсетілуге тиіс. Өйткені аға буынға құрмет – тәрбие мен ішкі мәдениет мәселесі. Ал қазақ өнерінің бұлбұлы, өнер майталманы Бибігүл Ахметқызына зор денсаулық, ұзақ өмір мен сарқылмас күш-жігер тілеймін», - дейді А. Балаева.