Бибісара Асаубаева Еуропадағы ірі турнирде төртінші орынға көтерілді

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық шахматшы Бибісара Асаубаева Венгрия астанасы Будапештте өтіп жатқан Total Chess World Championship Tour Pilot 2026 беделді турнирінде төртінші орынға көтерілді, деп хабарлайды Sports.kz.

Women’s Speed Chess-2026: Бибісара Асаубаева өзбекстандық шахматшыны жеңіп, ширек финалға шықты
Фото: Sports.kz

Топтық кезеңнің үшінші турында блицтен екі дүркін әлем чемпионы Үндістан өкілі Вайшали Рамешбабумен «жылдам классика» (Fast Classic) форматында екі партия өткізді. Қарсыластар бір-бірін бір реттен жеңіп, қазақстандық шахматшы үш ұпай еншіледі.

Осының арқасында Асаубаева қарсыластарынан озып, топтағы бесінші орыннан төртінші орынға көтерілді. Қазір оның еншісінде сегіз ұпай бар.

Топ көшін франциялық Максим Вашье-Лаграв 12 ұпаймен бастап тұр. Екінші және үшінші орындарды америкалық Ханс Моке Ниманн мен үндістандық Арджун Эригайси бөлісіп келеді. Екеуінде де тоғыз ұпайдан бар.

Үш турдан кейінгі D тобының турнирлік кестесі:

  1. Максим Вашье-Лаграв (Франция) — 12 ұпай

  2. Ханс Моке Ниманн (АҚШ) — 9 ұпай

  3. Арджун Эригайси (Үндістан) — 9 ұпай

  4. Бибісара Асаубаева (Қазақстан) — 8 ұпай

  5. Уэсли Со (АҚШ) — 4 ұпай

  6. Вайшали Рамешбабу (Үндістан) — 4 ұпай.

Жүлде қоры 650 мың доллар болатын Total Chess World Championship Tour Pilot 2026 турнирі Будапештте 10-20 қараша аралығында өтеді. Оған әлемнің 24 үздік шахматшысы қатысып жатыр.

Бұған дейін Бибісара Асаубаева FIDE рейтингіндегі орнын сақтап қалған болатын.