Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Бибісара Асаубаева FIDE рейтингінде ең жақын қарсыласынан 20 ұпайға жуық алда келеді

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық шахматшы Бибісара Асаубаева FIDE Women’s Circuit 2026-2027 турнирлік сериясының көшін бастап келеді. Ол өз көрсеткішін 51,30-дан 59,76 ұпайға дейін арттырып, ең жақын қарсыласынан 20 ұпайға жуық алға шықты.

Бибісара Асаубаева
Фото: Kazinform/Виктор Федюнин

FIDE әйелдер арасындағы Women’s Circuit 2026-2027 жарысының жаңартылған кестесін жариялады. Онда қазақстандық шахматшы Бибісара Асаубаева бірінші орында тұр.

21 тамыздағы жағдай бойынша көшбасшылар үштігі өзгерген жоқ. Асаубаева 59,76 ұпаймен бірінші орында келеді. Екінші орында Қытай өкілі Чжу Цзиньэр — 39,83 ұпай. Үшінші орында үндістандық шахматшы Вайшали Рамешбабу — 29,70 ұпай.

Осылайша, Бибісара Асаубаева өз көрсеткішін 51,30 ұпайдан 59,76 ұпайға дейін жақсартты. Қазақстандық шахматшының ең жақын қарсыласынан басымдығы қазір 20 ұпайға жуық.

Төртінші орында Қытай шахматшысы Тань Чжунъи 26,58 ұпаймен тұр. Үздік бестікке Үндістан өкілі Харика Дронавалли де енді — 20,55 ұпай.

Ерлер арасындағы есепте Өзбекстан шахматшысы Джавохир Синдаров көш бастап келеді.

Айта кетейік, бұған дейін Бибісара Асаубаева АҚШ-та өткен Cairns Cup супертурнирінде қола медаль жеңіп алған еді.

Еске салайық, оның алдында Cairns Cup-2026 супертурниріне қатысып жатқан шахматшылар «Армагеддон» кезеңіндегі ең қиын қарсыласын атады. Олардың төртеуі де қазақстандық шахматшы Бибісара Асаубаеваны нұсқағанын жазғанбыз.