Бидай егіні көлемінің кемуі Қазақстанның экспорттық әлеуетіне еш әсер етпейді - Ауыл шаруашылығы вице-министрі Арман Евниев

«Қазіргі таңдағы бүкіләлемдік астық нарығын зерттеп қарайтын болсақ, жалпы өндіріс өткен жылдармен салыстырғанда көбейіп келеді. Сонымен қатар астыққа сұраныстың азайғанын байқауға болады. Осыған байланысты астық бағасының бүкіләлемдік нарықтарда жоғары деңгейге көтерілуі екіталай. Бүгінгі таңда оған әсер ететін ешқандай мәліметтерді көріп отырған жоқпыз. Сондықтан, мәселен, егістік көлемін 80 мың гектарға кемітуден көп болса 100 мың тонна бидай жоғалтамыз. Бұл Қазақстанның экспортқа шығару көлеміне әсер етпейді», дейді вице-министр.
Сонымен қатар ол Ауыл шаруашылығы министрлігінің ағымдағы жылғы бидай өнімділігі соңғы жылдардағы орташа көрсеткіш деңгейінде болады деп болжанып отырғандығын атап өтті. «Егін егу жұмыстары жаман болған жоқ, алайда барлығы таяу екі аптада шешіледі. Қазір ауа райы құрғақ болып тұр және жауын-шашынды диқандар асыға күтуде», деді ол.