Бидай импортын шектеу ресейлік астықтан ішкі нарықты қорғау мақсатында енгізілді - АШМ
Еліміз осы жылдың 8 айында Ресейден 2,9 млн тонна астық импорттады. Бұл жайында Ауыл шаруашылығы министрлігінен мәлім етті, деп хабарлайды Kazinform.

«Ұлттық статистка бюросының мәліметіне сәйкес, осы жылдың қаңтар-тамыз айлары аралығында Ресей Федерациясынан әкелінген бидай көлемі 2,9 млн тоннаны құрады», - делінген министрліктің агенттіктің ресми сауалына берген жауабында.
Ведомствоның атап өтуінше, көрші елден келетін астық импортын тежеу үшін 10 сәуірден бастап автокөлікпен бидай әкелуге тыйым салынды. Ол қазақстандық астық нарығының біршама қалыпқа келуіне ықпалын тигізді. Бұл нәтижені әрі қарай ілгерілету үшін 6 қыркүйектен бастап ресейлік астықты темір жолмен әкелуге де шектеу енгізілді.
«Жалпы астық импорттын шектеу салықтар, баждар және алымдар төленбей заңсыз жолдармен елімізге әкелінетін, және қазақстандық астық ретінде реэкспортталатын ресейлік астықтан ішкі нарықты қорғау мақсатында енгізіліп отыр. Көрсетілген заңсыз импорт пен реэкспорт қазақстандық астықтың ішкі және сыртқы нарықтардағы өткізу нарықтарын тартып алып, қазақстандық астық өндірушілердің әділ табыс табуына кедергі жасап тұрған», - деді министрліктен.