«Биг Шанхай» базарындағы өрт: кәсіпкерлер шығыны әлі есептеліп жатыр
АСТАНА. KAZINFORM — Елордадағы «Биг Шанхай» базарындағы өрт салдарынан шамамен 300 кәсіпкер шығынға батты. Бұл туралы Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев мәлім етті.

— Өрттің себебі әлі анықталған жоқ. Тергеу аяқталғаннан кейін кінәлілер міндетті түрде жауапқа тартылады. Шамамен 300-ден астам сатушы зардап шекті, қазір тергеу шаралары жүріп жатыр. Осы айда өрт қауіпсіздігі туралы заңға енгізілген түзетулер күшіне енеді. Аумағы 2000 шаршы метрден асатын, адамдар көп жиналатын объекті иелеріне үшінші тұлғалардың өмірі, денсаулығы мен мүлкіне келтірілген зиян үшін азаматтық-құқықтық жауапкершілікті міндетті сақтандыру шартын жасау талабы қойылады, — деді Арман Шаққалиев Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында.
Министрдің мәлімдеуінше, өрттен келген шығын әлі есептеліп жатыр.
— Егер «Биг Шанхай» базарының қатысушылары сақтандырылған болса, сақтандыру төлемінен едәуір көлемде өтемақы алуға үміттене алар еді, — деп толықтырды ведомство басшысы.
Еске салсақ, 18 шілдеде Астанада «Биг Шанхай» үш қабатты базары өртке оранды.
Кейін базардағы өрттен зардап шеккен кәсіпкерлерге қандай қолдау көрсетілетіні айтылды.
Тілсіз жаумен күрес барысында үш құтқарушы жарақат алды.