«Биг Шанхай» базарындағы өрттің себебі қашан анықталады
АСТАНА. KAZINFORM — Елордадағы үш қабатты «Биг Шанхай» базарынан шыққан өрттің себебі әлі анықталып жатыр. Бұл туралы Төтенше жағдайлар вице-министрі Кеген Тұрсынбаев мәлім етті.

— Таңғы сағат 3-те № 7 өрт сөндіру бекетінің қызметкерлері көріп, өздері барды. Уақытты жіберіп алған, біз келгенде базар іші өртенген, бір жақ шеті құлап жатты. Өрт сөндірушілер кешкі сағат 18:00–ге дейін жұмыс істеді. Қасындағы «Орда» базарын алып қалды. Аудит бойынша ешқандай кемшілік жоқ деген, сондықтан аудит болғандықтан тексерген жоқпыз, — деп қысқа қайырды Кеген Тұрсынбаев Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, аталған жайт бойынша іс қозғалды.
— Сараптама айдың аяғына дейін дайын болу керек, сол кезде өрттің себебі белгілі болады. 2020-2023 жылдары мараторий болды, сондықтан біз ірі сауда үйлерін тексерген жоқпыз. Биыл 63 ірі сауда орталығын тексердік, оның нәтижесінде 941 өрт қауіпсіздігін бұзу фактілері анықталды, — дейді ол.
Бірер күн бұрын «Биг Шанхай» базарындағы өрттен кәсіпкерлерге келген шығынның әлі есептеліп жатқанын хабарлаған едік.
Еске салсақ, 18 шілдеде Астанада «Биг Шанхай» үш қабатты базары өртке оранды.