Биіктен құлағалы тұрған баланы құтқарып қалған жас түлекке білім гранты табысталды
«Жоғары білім беру сапасымен танымал және әлеуметтік қолдау көрсетуде белсенді позицияны ұстанатын еліміздегі жетекші жоғары оқу орындарының бірі – Нархоз университетіне алғысымыз шексіз», - деді Асхат Аймағамбетов жас түлекке университетте тегін оқуға грантты табыстап тұрып.
Министр Есдәулетке көрсеткен қайсарлығы үшін алғысын білдіріп, өзінен кішілерге көмек беруге және оларды қорғауға дайын болуы еліміздің барлық оқушысы үшін үлгі-өнеге екенін атап өтті.
«Сізге көрсеткен қайсарлығыңыз бен батылдығыңыз үшін алғыс айтқым келеді. Сіз оқушының мектеп қабырғасынан қалай түлеп ұшуы керек екенін дәлелдедіңіз. Осындай асыл, батыр азаматты тәрбиелеген ата-анаңыз бен ұстаздарыңызға алғыс айтамын.
Президент бүгін мектептердегі буллинг фактілеріне алаңдайтынын айтқан еді. Сіздің бүгінгі ерлігіңіз лайықты үлгі болады. Жоғары сынып оқушылары да сіз сияқты кішкентайларды қолдауға және қорғауға әрқашан дайын болады деп сенемін», - деді Асхат Аймағамбетов.
Сондай-ақ, кездесуге 17 жастағы батырдың анасы Әсемгүл Қабдықалықова да қатысты. Бұл отбасы алты бала тәрбиелеп отыр.
Фото: gov.kz