Биыл 1 100-ден астам пәтер ұрысы ұсталған

ұрлық
Фото: Pixabay

АСТАНА. KAZINFORM — Биыл 1 100-ден астам пәтер ұрысы ұсталды. Бұл туралы ІІМ ресми өкілі Шыңғыс Алекешев айтты.

«Жыл басынан бері 1 100-ден астам пәтер ұрысы ұсталды. Оның ішінде 59 қылмыстық топ пен 38 гастрольдік ұры бар. Мысалы, Алматыда төрт адамнан тұратын гастрольдетіп жүріп пәтер тонайтын бір топ ұры қолға түсті. Олар пластик терезелерді ашу арқылы бес ұрлық жасаған. Шығын 17 млн теңгеден асады. Сондай-ақ осы қалада 12 пәтерді тонаған гастрольдік ұрылардың басқа тобы ұсталды. Олар үйлерге кілт таңдау жолымен кірген. Бұл қылмыс түрі жалпы қауіпсіздік деңгейі мен азаматтардың жайлы өмір сүруіне тікелей әсер етеді», -деді ол ведомствода өткен апталық брифингте.

Оның айтуынша, ішкі істер органдары пәтер ұрлығына қарсы күресте бірқатар ұйымдастырушылық және заңнамалық шараларды қабылдап жатыр.

ІІМ-нің ведомстволық бағдарламалары аясында тұрғын үйлердің аулаларында 68 мыңнан астам бейнебақылау камералары орнатылды. 24 мыңнан астам камера тұрғындардың бастамасымен қойылды.

Бұл жұмыс жүйелі түрде жалғасып жатыр. 

«Пәтер ұрлығының жасалу әдісі мен уақытына күнделікті талдау жүргізіледі. Осыған қарай патрульдік полиция нарядтарының қозғалыс бағыттары белгіленіп отырады. Жергілікті атқарушы органдармен және сауда объектілерінің әкімшіліктерімен бірлесіп, ұрланған мүлікті сатып алу және өткізу фактілеріне жол бермеу бойынша шаралар қабылдануда. Жалпы қабылданған шаралардың нәтижесінде соңғы 5 жылда пәтер ұрлығының саны жыл сайын орта есеппен 34 пайызға төмендеп келеді. Егер 2019 жылы 31 мыңнан астам қылмыс тіркелген болса, 2023 жылы тіркелген қылмыс саны 9 мыңнан аспайды. Төмендеу үрдісі осы жылы да сақталып отыр. Яғни биыл пәтер ұрлығы 28 пайызға кеміді», — деді Шыңғыс Алекешев.

Соңғы жаңалықтар
telegram