Биыл 1 млн адамды жұмысқа орналастыру керек: жоспар қалай орындалды

Ақтөбе облысы
Фото: Астана қалалық жұмыспен қамту басқармасы

АСТАНА. KAZINFORM – ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрілігі биыл шамамен 1 млн адамды жұмысқа орналастыру міндеті қаншалықты орындалып жатқаны жайында түсінік берді.

«Орталық және жергілікті атқарушы органдардың негізгі міндеттерінің бірі - жаңа жұмыс орындарын құру. Қазір жұмыс орындарын құру негізінен салалық тұжырымдамалар, Өңірлерді дамыту жоспарлары, инвестициялық жобалар, шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуды ынталандыру жөніндегі бағдарламалар аясында іске асырылатын жобалар арқылы құрылады. Биыл бекітілген өңірлік жұмыспен қамту карталары шеңберінде 948 мың адамды жұмысқа орналастыру жоспарланды. Осы уақытқа дейін 735 мың адам жұмысқа орналастырылды», - делінген Еңбек министрлігінің Kazinform агенттігіне берген жауабында.

Оның ішінде тұжырымдамалар мен ұлттық жобалар аясында 51 мың адам, жұмыспен қамтудың белсенді шаралары көмегімен 189 мың адам, тұрақты жұмыс орындарына 270 мың адам, шағын және орта бизнес кәсіпорындарына 225 мың адам жұмысқа орналастырылды.

«Алға қойылған міндет жыл соңына дейін орындалады деп жоспарланған», - деп аталып өткен ведомство ақпаратында.

Жақында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Тамара Дүйсенова жұмыссыздар қатарына кімдер жататынын түсіндірген еді. 

Бұдан бұрын хабарланғандай, ҚР Парламенті Мәжілісі төрағасының орынбасары Дания Еспаеваның айтуынша, техникалық және кәсіптік білім беруді реформалау арқылы жұмысшы кәсіптердің беделін арттыру қажет. Себебі қазіргі кезде кәсіптік-техникалық білімі бар мамандықтарға деген сұраныс жоғары білімді түлектерге деген қажеттіліктен 70 пайызға артық. 

Соңғы жаңалықтар
telegram