Биыл 103 суару каналын автоматтандыру басталады

АСТАНА. KAZINFORM – 2026 жылдың соңына дейін су тұтынуды болжау жүйесі іске қосылады. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мадиев айтты. 

Биыл 103 суару каналын автоматтандыру басталады
Фото: Су ресурстары және ирригация министрлігі

– Перспективалық жобалардың тағы бірі ол – электрондық шарттар жасасу және су тұтынуды болжау жүйесі. Қазіргі таңда бұл жүйе пилоттық режимде жұмыс істейді, ал өнеркәсіптік пайдалануға беру осы жылдың соңына дейін деп жоспарлануда. Азаматтарға пайдалану ыңғайлы болу үшін Egov mobile, екінші деңгейлі және 1С банктермен интеграциялауды жоспарлап отырмыз, - деді вице-премьер.

Оның айтуынша, биыл 103 суару каналын автоматтандыру басталады. 

– Оңтүстік өңірлерде – Қызылорда, Жамбыл және Түркістан облыстарында – бекітпелерді басқару көзделген. Ислам даму банкінің қолдауымен тағы 264 каналды цифрландыру жоспарлануда. Суды жоспарлау және басқаруға арналған бағдарламалық қамтылым қарастырылып отыр. Қашықтан басқару пульті аралап тексеруді алмастырады және 24/7 судың таралуын автоматты бақылауды қамтамасыз етеді, - деді Жаслан Мадиев.

Бұған дейін еліміздегі 90 қала мен 7,5 миллион тұрғыны бар 6 087 ауыл ауыз сумен 100 пайыз толық қамтамасыз етілгенін жазған едік.

Соңғы жаңалықтар