Биыл 105 гидротехникалық құрылысқа тексеру жүргізіледі

АСТАНА. KAZINFORM – Солтүстік Арал су қоймасының көлемі 24,4 млрд текше метрге дейін ұлғайды. Бұл туралы Үкімет үйінде өтіп жатқан баспасөз мәслихатында Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев айтты.

Кызылординской гидроузел
Фото: ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі

- 2025 жылы 9 сәуірде Су кодексі қабылданып, 10 маусымда күшіне енді. Қазіргі таңда 6 мыңнан астам шақырым канал жаңғыртылып жатыр. Оның ішінде осы жылы шамамен 200 мың гектар алқап су алатын 962 шақырым канал пайдалануға берілмек. 2025 жылы Жетісу облысындағы Қызылағаш су қоймасының қайта жаңғыртылуы аяқталды. Сондай-ақ жыл соңына дейін Түркістан облысындағы «Қарақуыс» су қоймасы, Батыс Қазақстан облысындағы Киров су қоймасы құрылысы және басқа нысандар бойынша жұмыс аяқталады. 105 гидротехникалық құрылысқа көпфакторлы тексеру жүргізу жоспарланып отыр, - деді ол.

Вице-премьердің айтуынша, жыл соңына дейін 6 облыста топтық су құбырын салу және қайта құру бойынша 10 жобаны пайдалануға беру жоспарланған.

- Биылғы көктемгі кезеңінің нәтижесінде Қазақстан су қоймаларына 16,9 млрд текше метр су келді. 15,7 млрд текше метр еріген қар суы көл жүйелері мен лимандарға таратылды. Балқаш көліне Қапшағай су қоймасынан 3,8 млрд текше метр су жіберілді. 2024-2025 жылдары Солтүстік Аралға шамамен 5 млрд текшеметр су беріліп, қойманың көлемі 24,4 млрд текше метрге дейін ұлғайды, - деді Қанат Бозымбаев.

Осыған дейін Қанат Бозымбаев Қырғызстан мен Өзбекстанда су жеткізу мәселелері бойынша келіссөздер жүргізген болатын.

 

 

 

Соңғы жаңалықтар