Биыл 1480 км магистраль жөндеуден өтеді — ҚТЖ
АСТАНА. KAZINFORM — ҚТЖ желісінде жыл сайынғы маусымдық жол жұмыстары жүргізіліп жатыр. Биыл 1480 км магистраль жөнделеді. Өткен жылы осындай — 1430 км үлкен жұмыс көлемі атқарылды. Бұл туралы «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ баспасөз қызметі мәлім етті.

Ауқымды жол-жөндеу науқаны еліміздің барлық өңірлерін қамтиды.
Бүгінгі таңда әр түрлі жөндеу түрлерімен шамамен 400 км жол жаңартылды. Елдің оңтүстігі мен батысында 100 км астам жол күрделі жөндеуден өтті. Жұмыстар Лепсі — Жасқазақ (Алматы магистральдық желі бөлімшесі), Бурылбайтал — Қарасай (Жамбыл бөлімшесі), Әйтеке би — Үйтас (Ақтөбе бөлімшесі), 265-рзд. 279-рзд. (Атырау бөлімшесі), 7-рзд. — Сай-Утес (Маңғыстау бөлімшесі) аралықтарында жалғасып отыр.
Кесте бойынша елдің солтүстік және шығыс аймақтарындағы теміржол магистралін күрделі жөндеуге кірісті. Күншаш — Қарғалы (Қостанай бөлімшесі), Бел-Ағаш — Дүйсакен (Семей бөлімшесі), Еркіншілік — Едіге — Ерейментау (Павлодар бөлімшесі) учаскелерінде жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Жалпы, биыл рельс-шпалдық торды толық ауыстыра отырып, ҚТЖ магистральдық желісінің 10 бөлімшесінде 512 шақырымнан астам теміржол жаңартылады:
— Ақмола — 63,1 км;
— Қостанай — 67,3 км;
— Павлодар — 58,4 км;
— Семей — 38,6 км;
— Алматы — 29,8 км;
— Жамбыл — 52,1 км;
— Қызылорда — 48,7 км;
— Ақтөбе — 72,6 км;
— Атырау — 66,7 км;
— Маңғыстау — 15,7 км.
Сонымен қатар, теміржолшылар жолды сауықтыру бойынша басқа да жұмыстарды жүргізуде. Биыл 122 км-ге рельстік жолтабанды үздіксіз ауыстырып, 100 км-ге шпалдар төселеді. Жол машиналарының кешендері 435 км ластанған балласты тазартады.
Қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін инфрақұрылымды жаңғырту және ағымдағы күтіп ұстау жөніндегі жоспарлы жұмыстарды жүргізу кезеңінде учаскелерде пойыздардың қозғалыс жылдамдығына уақытша шектеулер енгізіледі. Жыл сайынғы жолды жөндеу күзгі-қысқы кезеңде тасымалдау процесінің сенімділігін қамтамасыз ету үшін қажет.
Еске сала кетейік, бұған дейін Президент «Мойынты – Қызылжар» бағытында жаңа темір жол құрылысын бастауды тапсырған еді.