Биыл 15 кәсіпорын жұмысшылары ереуілге шығып, жұмысты тоқтатқан

Жыл басынан бері еліміз бойынша бірнеше кәсіпорында жұмысшылар жалақы мәселесін көтеріп ереуілге шыққан. Оның кейбірі соттың шешімімен заңсыз деп танылды. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі еңбек және халықты әлеуметтік қорғау комитетінің төрағасы Төлеген Оспанқұлов мәлім етті, деп хабарлайды Kazinform. 

ереуіл
Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

«Жыл басынан бері республика бойынша еңбек тәуекелдері бар 109 кәсіпорын анықталды. Мониторинг бойынша еңбек жанжалы болған 149 кәсіпорын тіркелді. Бүгінде 69 кәсіпорын бақылауда. Олар бойынша уәкілетті мемлекеттік органдар шара қабылдап жатыр», - деді Төлеген Оспанқұлов Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.

Биыл республиканың 15 кәсіпорнында 3 сағаттан астам уақытқа кәсіпорын жұмысы тоқтатылған ереуілдер болды. Атап айтқанда, Маңғыстау облысында – 7, Атырау облысында – 3, БҚО – 2, Ақтөбе облысында – 2, Ұлытау облысында – 1.

«Қазіргі уақытта барлық ереуіл аяқталды. Жұмыскерлердің негізгі талабы – жалақыны арттыру, «ҚазМұнайГаз» АҚ еншілес ұйымдарының штатына ауыстыру, сыйақылар төлеу, еңбек жағдайларын жақсарту, жалақыны индекстеуді жүргізу», – деп толықтырды ол.

Оның айтуынша, барлық ереуіл ҚР Еңбек кодексінде белгіленген жұмыскерлердің талаптарды ұсыну рәсімдерін сақтамай, «стихиялық тәртіппен» өткен. Сондықтан сот шешімімен 5 ереуіл заңсыз деп танылды.

Соңғы жаңалықтар