Биыл 15 қылмыстық топтың мүшелері ұсталды — ҰҚК
АСТАНА. KAZINFORM — Ұлттық қауіпсіздік комитеті ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес бойынша қабылданған шаралар жайында мәлімет таратты.
Тамызда ҰҚК материалдарының негізінде Қызылорда облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты аймақтағы қылмыстық ортаның жетекшілерінің біріне үкім шығарды.

Ол кісі өлтіруге әрекеттенді деген айыппен 12 жылға бас бостандығынан айырылды. Көрсетілген қылмыстық іс бойынша тергеудің тағы бір қатысушысы сот шешімін күтуде.
Жалпы, жыл басынан бері Ұлттық қауіпсіздік комитеті полициямен бірлесіп, Бас прокуратураның үйлестіруімен республиканың бірқатар өңірінде 15 қылмыстық топтың заңсыз әрекетін тоқтатты.

60 адам, оның ішінде деструктивті діни ағым өкілдері, жергілікті және шетелдік қылмыскерлер, сондай-ақ жазасын өтеп жатқан адамдар қылмыстық жауапкершілікке тартылды.
Олар кісі өлтіруге әрекеттенді, қылмыстық топты басқарды және оған қатысты, қарақшылық жасады, бопсалады, есірткіні заңсыз сақтады, қару-жарақпен айналысты, адам ұрлады, сондай-ақ заңсыз құмар ойындар бизнесін ұйымдастырды деген күдікке ілінген.

20-дан астам атыс және жарақат салатын қару тәркіленді.
Қылмыстық топтардың 5 қатысушысы сот органдарының шешімімен түрлі мерзімдерге бас бостандығынан айырылды.

Қалғандары бойынша сотқа дейінгі тергеу және сот процестері жүріп жатыр.

