Биыл 2 миллионнан астам адам тұмауға қарсы екпе алды
АСТАНА. KAZINFORM – Елімізде тұмауға қарсы екпе салу жоспары 93,9 пайызға орындалған. Вакцинация 1 желтоқсанға дейін жалғасады. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы Сархат Бейсенова мәлім етті.
Комитет төрағасының айтуынша, биыл «Гриппол плюс» вакцинасының 2,2 миллионнан астам дозасы сатып алынған. Бүгінге дейін 2 065 649 адам екпе алған.
– Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы халықтың кемінде 10 пайызына екпе салуды ұсынады. Қазақстанда халықтың 11 пайыздан астамын қамтуға жететін көлемде вакцина сатып алынады, – деді С. Бейсенова Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Комитет төрағасы қауіп тобына жататын, әлі екпе алмаған азаматтарды тіркелген емханасына баруға шақырды.
– Вакцинация 1 желтоқсанға дейін жалғасады. Сондықтан әлі екпе алмаған азаматтарды, әсіресе қауіп тобына жататын адамдарды учаскелік дәрігерге жүгініп, екпе алуға шақырамын, – деді Сархат Бейсенова.
Брифингте вакцина сатып алуға бөлінген қаражаттың нақты көлемі айтылмады. Комитет төрағасының түсіндіруінше, вакцина сатып алумен «СК-Фармация» және өңірлердің денсаулық сақтау басқармалары айналысады.
Айта кетейік, бұған дейін елімізде бір аптада 195 мыңнан астам ЖРВИ жағдайы тіркелгенін хабарлаған едік.