Биыл 24 млн тонна астық бастырылады

АСТАНА. KAZINFORM – Биыл болжам бойынша 24 млн тонна астық бастырылады. Бұл туралы Үкімет отырысында Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров айтты.

Қазақстанда 11,6 млн тонна астық жиналды
Фото: АШМ

- Қазір уақытта республика бойынша жаппай егін жинау науқаны жүргізілуде. Ал оңтүстік өңірлерде аяқталуға жақын. Үкімет тарапынан жеңілдетілген қаржыландырудың қажетті жағдайлары жасалып, қолайлы ауа райының арқасында вегетациялық кезең сәтті өтті. Жалпы егін жинау алаңы 23,6 млн гектарды құрайды. Оның ішінде 16 млн гектардан астамы – дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар. Егін жинау жұмыстары уақытылы басталып, өткен жылмен салыстырғанда қарқынды жүргізілуде, - деді министр.

Оның дерегінше, бүгінде республика бойынша жалпы егін жинау алаңының 63,7 пайызы жиналды. Орташа өнімділік гектарына 15,2 центнерді құрады. 15,5 млн тонна астық қамбаға құйылды.

- Әкімдіктердің деректеріне сәйкес, астық бойынша болжам 24 млн тонна деңгейінде күтілуде. Бұл ішкі нарықтың азық-түлік, жем-шөп, тұқымдық қажеттілігін толық қамтамасыз етуге және экспорт көлемін сақтауға мүмкіндік береді. Бұл ретте, астықты теңіз порттарына экспорттау кезіндегі шығындарды өтеуге субсидиялау мерзімін ұзарту – астықты жаңа нарықтарға шығаруға ықпал етеді, - деді ол.

Министрдің айтуынша, қазірдің өзінде 700 мың тонна майлы дақылдар жиналды. Биыл майлы дақыл тұқымынан шамамен 4 млн тонна өнім күтілуде. Бұл рекордтық көлем болады.

- Сонымен қатар, 1,8 млн тонна картоп, 2,9 млн тонна көкөніс, 2,2 млн тонна бақша өнімдері жиналды. Шаруалардың үздіксіз жұмысын 139 мың трактор, 31 мың астық жинайтын комбайн, 17 мың орақ, сондай-ақ 130 мыңнан астам басқа да техника қамтамасыз етуде. Оның ішінде 4 мыңнан астам жоғары технологиялы Джон Дир және КЛААС комбайндары бар, - деді Айдарбек Сапаров.

Айта кетейік, отырыс қорытындысы бойынша өтетін баспасөз конференциясында Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров пен Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев БАҚ өкілдері тарапынан туындаған сауалдарға жауап береді.

Соңғы жаңалықтар