Биыл 3 облыста су тапшылығы кезеңі жалғасады – Үкімет басшысы
АСТАНА. KAZINFORM — Су тапшылығы кезеңі Қызылорда, Түркістан және Жамбыл облыстарында биыл да жалғасады. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өтіп жатқан Үкіметтің кеңейтілген отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов айтты.
- Суды үнемдеу мәселесі басым бағыт болып қала береді. Бүгінге суармалы жерлердің үштен бірінен астам бөлігі су үнемдеу технологияларымен қамтылған. Осының нәтижесінде өткен жылы 847 млн текше метр суды үнемдеуге қол жеткіздік. Алдағы уақытта жыл сайын қосымша 150 мың гектарға жуық алқапты қамту жоспарланып отыр, - деді Үкімет басшысы.
Премьер-министр бұл ретте көрсеткіштердің әдейі бұрмалануына жол бермеу міндеті Су ресурстары және Ауыл шаруашылығы министрліктерінің алдында тұрғанын баса айтты.
- Болжам бойынша су тапшылығы кезеңі Қызылорда, Түркістан және Жамбыл облыстарында биыл да жалғасады. Осыған байланысты қажетті шараларды қабылдайтын боламыз, - деді Олжас Бектенов.
Айта кетейік, жыл соңына дейін еліміздің су-энергетика ресурстарының картасы әзірленеді.