Биыл 300-ден астам атыраулық шетелге жұмыс істеуге барады

жұмысшы
Фото: gov.kz

АТЫРАУ. KAZINFORM — Биыл Атырау облысының 300-ден астам тұрғынын алыс және жақын шетелге жұмыс істеуге жіберу көзделіп отыр. Оның дені мұнай-газ саласындағы жобаларда жұмыс істейді.

Атырау облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметінше, 16 мың жұмыссыз тіркелген. Оның ішінде 6 мың адам жергілікті мұнай компанияларынан жұмыстан босаған. 

Басқарманың бөлім басшысы Гүлболат Аманғалиеваның айтуынша, биыл шетелден 250 маманға сұраныс түскен. Оның ішінде Ресейдің Амур өлкесіндегі мұнай комапниясы 69 маманды жұмысқа тартқалы отыр. 

Атырауда отандық жұмысшыларды шетелдерге дайындайтын компания менеджері Олжас Сұлтановтың айтуынша, былтыр халықаралық жобаларға қатысу үшін 250 мың адам өтініш берген. Оның ішінде 200 маман халықаралық жобаларда жұмыс істеуге жіберіліпті. Бес маман Катарда әлі жұмыс істеп жүр. Енді жергілікті мамандардан жаңа топ жасақталып жатыр. Компания оларды мамандығына байланысты іріктеп, құжаттарын толтыруға көмектеседі.

«Қазір 80 адамды Катарда жұмыс істеуге жіберуге дайындап жатырмыз. Екі елдің арасындағы әріптестіктің нәтижесінде қазақстандық жұмысшыларға арналған жеңілдіктер бар. Бұл қазақстандық мамандарға еңбек нарығының жаңа кеңістігін ашты», -дейді Олжас Сұлтанов. 

Мәселен, Нұрсұлтан Арықбаев Ресей Федерациясының Калининград облысында 8 ай жұмыс істеп келген. Оның мамандығы — техникалық қауіпсіздік инженері. Енді ол Катар елінде жұмыс істеу үшін құжат тапсырған.

Еске сала кетелік, бұған дейін биыл Атырау облысына жұмыс істеуге 4 765 шетелдік келетінін жазған болатынбыз. 

Соңғы жаңалықтар